НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, тапсырмалардың орындалу барысы мен елорданың дамуы туралы баяндады.
Кездесу барысында "Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығының жұмысы, иппотерапия және екі бірдей оңалту орталығын салу жоспары туралы сөз болды.
"Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай "Абай әлемі" орталығының бой көтеретіндігі, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойларына байланысты қоладан құйылған ескерткіш орнатылатындығы туралы ақпарат бердім", - деп жазды қала басшысы instagram парақшасында.
Көлгіновтің айтуынша, ҚР президентінің тапсырмасы аясында қолжетімді тұрғын үй құрылысы, үлестік құрылыс бойынша мәселелерді шешу, қала маңындағы аумақтарды дамыту, газбен және сумен жабдықтауды жетілдіру бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Алдағы 3 жылда қаланы абаттандыру аясында жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін 80 км жол мен 100 км астам веложол салынады.
Жаяу жүргіншілер жолы ескі алаңнан бастау алып, қаланың екі жағын байланыстырады.
"Сондай-ақ, келесі жылы 260 ауланы абаттандырамыз. Ойын жабдықтарын, балаларға арналған спорт алаңдарын, футбол, баскетбол және тағы басқа алаңдарды орнатамыз", - деп түйіндеді әкім.