Экономика

Қазақстанда 5G желісі қалай енгізіледі?

2022 жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 97%-і кең жолақты интернетпен қамтылады, 3%-і спутниктік технологияны қолданады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. 5G технологиясы үшін тартылатын инвестиция көлемі үлкен болғандықтан, бірінші кезеңде бұл технологияны республикалық маңызы бар қалаларда енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазір министрлік республикада 5G желісін енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл үшін арнайы жол картасы бекітілген. 

"5G мобильді байланысы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында сынақтан өтті. Енді қазан айында Шымкентте тестен өткізу жоспарланып отыр", - деді министр үкімет отырысында.

Сынақ қорытындысы бойынша технологияны заттар интернетін, телемедицина, өнеркәсіп, тау-кен өндірісін цифрландыру және "ақылды" қалаларды дамыту ісінде қолдану мүмкіндіктеріне талдау жасалады.

"5G технологиясы үшін тартылатын инвестиция көлемі үлкен болғандықтан, бірінші кезеңде бұл технологияны республикалық маңыздағы қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) енгізу жоспарланып отыр", - деді Жұмағалиев.

Осылайша 2021 жылдың аяғына дейін елордада Назарбаев университеті мен ЭКСПО кешенінде, ал 2022 жылы әуежай мен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда 5G байланысын енгізу көзделіп отыр.

Одан кейін 2023 жылдан бастап барлық облыс орталығында енгізу жұмыстары жүргізіледі.

"Осылайша, жоғарыда аталған жобаларды орындау жұмыстарының нәтижесінде 2022 жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 97%-і кең жолақты интернетпен қамтылады. Қалған 3%-і спутниктік технологияны қолдану мүмкіндігіне ие болады", - деді министр.

Ведомствоның ақпаратынша, қазір елімізде 117 қала мен 3 324 ауылда кең жолақты интернет қолжетімді. Ол әр түрлі технологиялармен қамтамасыз етілген, солардың ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілері.

Былтыр Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-орынды иеленді. Өткен жылы елімізде интернет пайдаланушылар саны 81,3%-ті құраған.