Саясат

Бірғаным Әйтімоваға жұмыс табылды

Қазақстан президентінің жарлығымен 12 тамызда сенатор Бірғаным Әйтімованың депутаттық өкілеттігі тоқтатылған еді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Бірғаным Әйтімова Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары болды.  

Кеше Нұр-Сұлтанда Сенаторлар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырыс барысында Бірғаным Әйтімова төрағаның орынбасары, Нұрлан Қылышбаев кеңес хатшысы болып сайланды. Кеңеске сенат спикері Дариға Назарбаева жетекшілік етеді.

Әйтімова бұған дейін парламенті сенатының депутаты болды. Қазақстан президентінің жарлығымен осы жылдың 12 тамызында депутаттық өкілеттігі тоқтатылды. 

Тағы оқыңыз: "Сіздер болмасаңыздар..." Әйтімованың сөзі депутаттарды ду күлдірді

Айта кетейік, ҚР парламенті сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесі сенат жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған. Оның құрамына жұмыс істеп жүрген және бұрынғы депутаттар кіре алады. Олар ұсыныстар әзірлеп, тәжірибе алмасып, Қазақстанда парламентаризмді дамытуға бағытталған іс-шараларды өткізеді.

Бірғаным Әйтімова туралы не білеміз

1953 жылғы 26 ақпанда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Пушкин атындағы Орал педагогика институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Мамандығы - ағылшын тілінің мұғалімі, заңгер.

Орта мектептің оқытушысы, кеңшар комсомол комитетінің хатшысы, Орал облыстық комсомол комитетінің сектор, бөлім меңгерушісі, қалалық, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.

1990-1993 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесі Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы болды.

1993 жылы жастар ісі, туризм және спорт министрі қызметіне тағайындалды.

Үш жылдан кейін сенаторлыққа өтті. Бірақ бір жыл толмай, елшілік қызметіне кірісті. Содан Израильде, Италияда, Грекия мен Мальтада елші болды. Ал 2007 жылы бірден Қазақстан премьер-министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Одан кейін білім және ғылым министрі болды.

2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарды. Сол жылы Қазақстанның Кубадағы елшісі қызметіне тағайындалды. Ал 2013 жылы парламент сенатына қайтадан келді.  

Биыл тамыз айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен сентор Әйтімованың өкілеттігі тоқтатылған болатын.