Өңірлер

Шөкеев: Мұндай жағдай енді қайтып басымызға түспесін

Түркістан облысының әкімі аз ғана уақытта Арыс қаласы қалпына келтіріліп, қайта аяққа тұрғызылғанын атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан бірнеше сектордың құрылысшылары жұмыстарын уақытылы аяқтап, елдеріне қайтып жатыр, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Арыста өткен отырыста қалада атқарылып жатқан жұмыстар мен жол, кәріз жүйесі мен құжаттандыру мәселесі жайлы соңғы мәліметтер сөз болды. Жарылыстан 8 мыңнан астам тұрғын үйдің 7634-і зақымданған болса, оның 500-ге жуығы мүлдем жарамсыз күйге түскен болатын.

Ал, толық сүріліп тастап, қайта көтерілген нысандардың тізімінде көпқабатты үш тұрғын үй бар. Бұл үйлердің құрылысы да аяқталуға таяды. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жұмыстарға облыс бойынша 3 мыңға жуық адам тартылды.

"Үш айда толық жаңарған Арыс қаласында жүргізілген ауқымды жұмыс бәріміз үшін бұрын-соңды болмаған баға жетпес тәжірибе болды. Аз ғана  уақытта тұтас бір қаланы қайта аяққа тұрғызу тарихта болмаған. Бұл еліміздегі бірлік пен ынтымақты айшықтайтын көрініс. Мұндай жағдай енді қайтып басымызға түспесін", – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Жиында Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов көне шаһардағы құрылыс жұмыстарын да баяндап өтті. Бүгінде облыс орталығы  16 секторға бөлініп, оларға облыстың басқармалары мен аудан-қалалары, қалалық әкімдіктің бөлімдері жауапты болып бекітілген.

Тағы оқыңыз: Арыста 20 миллион теңгенің мал-мүлкі ұрланды

Әкімнің айтуынша, барлық аумақтың жұмыстары тынымсыз жүргізіліп жатыр. Бұл ретте Өмірзақ Шөкеев  қала басшысына халықпен жұмыс істеп, тазалық мен тәртіпті басты назарда ұстауды тапсырды. Түркістан қаласын көркейту жұмысын бақылау облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевқа жүктеді. Алдағы уақытта  Түркістанда үлгілі көше, аулалар анықталып, үздіктерге қошемет көрсетілмек.