Димашқа бақталас болмақ: Төреғали Төреәлі Қытайдағы жоспары туралы айтты

Әнші "Төреш шайы" деген өнімін саудаға шығармақ, әрі "Ұлы дала комедиясының" жалғасын Қытайда түсірмекші
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек — Sputnik. Айтқан әрбір сөзі мен істеген әр қимылы қызу талқыға түсетін Төреғали Төреәлі әріптесі Димаш Құдайбергенге бақталас болмақ. Сахнада емес, сауда нарығында, деп хабарлайды Revue бағдарламасы.

"Төреш шайы" деген жарнама жүреді, Алла қаласа. Жарнамасын түсіріп болдық", - дейді Төреғали Төреәлі.

Айтуынша, бұл тек жұлдызды әулетке тиесілі отбасылық бизнес болады. Тіпті, анасы шайдың әр түрлі сұрыптарының дәмін көріп, мінсізін таңдаған.

Әнші шайдың сатылымын өзі қадағаламақ. Қажет болса, дүкеннің сөрелеріне де өзі жеткізуге әзір.

"Алладан сәттілік, береке тілейміз", - дейді ол.

Енді жатса да, тұрса да "шайдың сатылымы жақсы болса екен" деп тілейтін әншінің жеке шығармашылығы не болмақ? Әсіресе, көпті "Ұлы дала комедиясы – 2" фильмі толғандырады.

Тағы оқыңыз: Төреғали Төрәлі ұлына ерекше есім берді

"Ұлы дала комедиясының" жалғасы - "Ұлы дала боевигі": Алматы-Гонконг, сценарий жазылып бітті. Алла қаласа, жұмыс барысында сіздерді шақырып, бөлісетін боламыз", - дейді Төреғали.

Киноның түсірілім жұмыстары жуырда бастау алады деп сендірді әнші. Айтуынша, бұл жолы кино екі мемлекетте - Қазақстан және Қытай елінің Гонконг қаласында таспаланады.