Спорт

"Күтуден шаршадым": Фируза Шарипова спорттағы карьерасын аяқтағанын мәлімдеді  

Кәсіпқой боксшы Фируза Шарипованың аяқ астынан мұндай шешім қабылдауына қаржының бөлінбеуі себеп болған   
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек – Sputnik. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Фируза Шарипова спорттағы карьерасын аяқтайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

Тағы оқыңыз: Головкинге қатты қапа болдым - Фируза Шарипова

"Мен спорттық карьерамды аяқтаймын деп шештім. Бапкерлеріме, менеджеріме, командама өте жақсы жұмыс істегені үшін алғысымды білдіремін. Біз бірнеше рет Қазақстан рекордын жаңарттық. Кәсіби бокста қысқа уақыт аралығында біз сияқты ешкім жоғары жетістікке жеткен жоқ", - деп жазды ол.

Фируза Шарипова кәсіби бокстағы басты титулды жеңіп алуға бір қадамға қалған сәтте тоқтағанын атап өтті. Бірақ қаржы мәселесіне байланысты мұны жүзеге асыру мүмкін болмаған.

"WBC чемпионы атағы бәске тігілетін жекпе-жекті ұйымдастыруға бізге қаржы бөлінеді деп көп уәде берілді. Алайда ақша бөлінген жоқ. Шамамен 2 жыл өзімді бапта ұстадым. Себебі, кез келген уақытта титулді жеңіп алуға дайын болдым", - дейді спортшы ағынан жарылып.

Боксшы күтуден шаршағанын ашық айтты.

"Спорттық формаңды жоғары деңгейде ұстап, үлкен жеңіс жетуге көп күш жұмсап, жүйкеңді тоздырасың. Оның ішінде ақша да бар. Өкінішке қарай, жігерім мен күшімнің нәтижесін көрген жоқпын. Оның болашағы жоқ. Осы уақытқа дейін құр уәде көп болды. Ал өмір өтіп жатыр. Мен оны күтумен өткізе алмаймын", - деді Фируза Шарипова.

Ол жанкүйерлері мен осы жылдар аралығында өзіне қолдау көрсеткендерге үлкен алғысын білдіріп, олардан кешірім сұрады.

"Бас титулды жеңіп алмағаным үшін кешіріңіздер. Мен бар күшімді салдым. Бірақ бұл өмірде барлығы маған ғана байланысты емес", - деп түйіндеді сөзін боксшы.

Айта кетейік, Фируза Шарипова кәсіби боксқа 2016 жылдың 21 мамырында келді. Осы уақыт аралығында 10 кездесу өткізіп, жеңіске жеткен. Оның ішінде 5 қарсыласын нокаутпен жеңген. Ал 2017 жылы қазақстандық боксшы 2 салмақ дәрежесінде IBO, WIBA және WBU титулдарын жеңіп алды. Кейін ол WBC Silver чемпиондық атағына ие болды.

2018 жылдың 8 қыркүйегінде ресейлік Юлию Куценкоға қарсы қолғап түйістіріп, WIBA титулын қорғап қалған. Ал 22 қыркүйекте Шарипова WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы Ева Вальстреммен қолғап түйістіруі қажет еді. Алайда жарақат алып, кездесу кейінге қалдырылды. Бірақ бұл жекпе-жек болған жоқ.

Фируза Шарипова соңғы жекпе-жегін 2019 жылдың 20 сәуірінде Мәскеу қаласында ресейлік Анастасия Тришева қарсы өткізіп, оны техникалық нокаутпен жеңген болатын.