Қоғам

Аружан Саин барлық балалар үйін жауып тастамақшы

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің пікірінше, мемлекеттік балалар үйлерін кәсіби фостерлік отбасылармен алмастыру тиімді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек – Sputnik. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балалар үйлерін жауып тастаудың тиімді жолын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгінде республика бойынша 109 балалар үйі мен интернат бар. Сол жерде шамамен 5 000 бала қалды. Ол көп емес. Негізі, балалар үйлерін толығымен жауып тастауға болады. Ол үшін мемлекеттік мекемелерді кәсіби фостерлік отбасылармен алмастыру қажет. Бүгінде әлемнің бәрі бұл мәселені солай шешіп жатыр. Олар барлық интернатты жауып тастады. Ал ата-атанасыз қалған бала интернатқа емес, кәдімгідей кәсіби отбасыға түседі. Сол отбасы мемлекетке жұмыс істейді", - деді Саин астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Тағы оқыңыз: Аружан Сайын шетелдіктерге бала сатты деп айыптағандарға жауап берді 

Оның айтуынша, фостерлік отбасылар арнайы дайындықтан өтеді. Сөйтіп, кәсіби ата-аналар асыраусыз қалған балаға жеке-дара қарап, тәрбие беріп отырады. Бұл – өте тиімді әдіс. Себебі балалар үйінде қызметкерлер әрбір балаға жеке-дара қарай алмайды. Бәрі кезекпен жұмыс істейді. Ал балаға жеке қамқорлық қажет.

"Сондықтан фостерлік отбасылардың тәжірибесі өте тиімді. Бала сол отбасыда болғанда тиісті мемлекеттік органдар оның ата-анасымен жұмыс істей алады. Бәлкім, олар өз баласын қайта алады, болмаса, тұрақты бір отбасының асырауына беруге болады. Патронат та бар. Мен осы бағытта жұмыс істеуге мүдделімін", - деп атап көрсетті Саин.

Уәкілдің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде осы мәселені балалар үйінің қызметкерлеріне айтқанда мамандар жұмыссыз қаламыз деп қорқады. Алайда осы мәселені де шешуге болады.

"Қазір патронатты тәрбиеші деген форма бар. Ол адамдарға ақша да төленеді. Еңбек өтіліне қарай 35-60 мың теңгенің айналасында. Мен айтамын, сіздер қазір балалар үйінде 20-30 балаға қарайсыздар, ал бір-екі баланы отбасыға алуға болады ғой. Сол үшін ақша алып, балабақша тәрбиешісі болып қатар жұмыс істеуге мүмкіндік бар", - дейді Саин.

Оның есебіне сәйкес, Қазақстанға шамамен 350-500 фостерлік отбасы қажет. Себебі жыл сайын 1 500 бала ата-анасының асырауынсыз қалып жатады. Сонда бір фостерлік отбасы 3-5 баланы алса, қазіргі интернат мәселесін толығымен шешуге болады.