НҰР-СҰЛТАН, 26 қыркүйек – Sputnik. Шымкентте белгілі қоғам белсендісі Руслан Жанпейісовті ұсталды, деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.
Бұған дейін әлеуметтік желіде қоғам белсендісін ұстау кезіндегі кадрлар пайда болған еді.
Полицияның мәліметіне сәйкес, 18 маусымында Шымкент қаласының тұрғыны дене жарақатын алғанын айтып, полицияға арызданған. Ол Руслан Жанпейісовті кінәлап отыр.
"Бұл жайт ҚР қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі ("Бұзақылық") және 107-бабының 1-бөлігі ("денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелген", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, полиция қызметкерін қызметтік міндеттерін атқару кезінде қорлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқаны хабарланады.
Бұл баптың бірі бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал екіншісі бойынша екі жылға бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Қазіргі таңда құқық бұзушы Шымкент қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Руслан Жанпейісов тәртіп сақшыларын видеоға түсіріп, желіге салу арқылы танылған қоғам белсендісі.
2017 жылы Шымкентте ақша бопсалауға байланысты ісі қаралған. Оның бас бостандығы екі жарым жылға шектелген еді.