НҰР-СҰЛТАН, 26 қыркүйек – Sputnik. Түрікменстанның президенті Гурбангулы Бердімұхамедовке "Құрметті ел ағасы" атағы берілді, деп хабарлады "Туркменистан сегодня" агенттігі.
Парламент отырысында спикер Гүлшат Маммедова мәжілістің арнайы қаулысын оқып, президентке "Hormatly il ýaşulusy" ("Құрметті ел ағасы") атағын тапсырды.
"Осы мәртебе Бердімұхамедовке елдің тәуелсіздігін күшейуге қосқан үлесі, мемлекет пен қоғам алдындағы ерен еңбегі, позитивтік реформалар, Отанның игілігіне жасаған жасампаз, адал жұмысы үшін табысталып отыр. Сондай-ақ, тәуелсіздіктің 28 жылдығына орай өндірістің сан алуан салаларында жұмыс істейтін азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың өтініштері мен ұсыныстары ескерілді", - деп жазды "Туркменистан сегодня" агенттігі.
Гурбангулы Бердімұхамедов Түрікменстанның тәуелсіздігін нығайту, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, халықтың бірлігі мен ынтымағын күшейту, жас ұрпақты тәрбиелеу әрбір азаматтың қасиетті міндеті екенін ерекше атап өтті.
Тағы оқыңыз: Назарбаев, Путин мен Трамптың видеолары желіде қызу талқыланды
"Түрікменстан қуатты мемлекеттердің бірі болып саналады және халықаралық аренада лайықты орынды алып отыр. Әрбіреуіміз білім алып, елдің игілігі үшін адал еңбек етсе, бәріміз ауызбіршілікпен алға жүрсек, алынбайтын асу жоқ. "Құрметті ел ағасы" атану мен үшін үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта Отанымыздың гүлденуі үшін, түрікменстандықтардың бейбіт әрі бақытты өмірі үшін ары қарай аянбай еңбек ететін боламын", - деді Бердімұхамедов.