НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. "Томирис" фильмінің тұсаукесеріне арналған баспасөз мәслихатында режиссер Ақан Сатаев жаңа туындысы туралы айтып берді. Ол фильмде Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің спорттық жолы баяндалады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жыл басында Сатаев "Боксшы" фильміне кастинг жариялап, жаңа кино туындыға түсетін актерді іздеп жүргенін жариялаған болатын.
"Боксшы" – бұл фильмнің бастапқы атауы, бұл барлық чемпионымыздың образы. Бірақ біз Серік Сәпиевтің өмірбаянына сүйенеміз", - деді Сатаев астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Осы орайда журналистер Сәпиевтің өмірбаянын неге таңдағанын сұрады. Себебі одан бөлек Головкин сияқты әлемдік бокс шыңына шыққан спортшылар бар. Режиссердің сөзіне қарағанда, бұл – идеологиялық жұмыс.
Тағы оқыңыз: Қазақ киносының жаңа жұлдызы Альмира Тұрсын кім
"Біз кино түсіргенде біреуді мақтап-мадақтауды мақсат етпейміз. Бұл, шынымен де, қаһарманның тарихы, чемпионның жүріп өткен жолы. Біз Генадий Головкин, Бекзат Саттарханов туралы фильмдерді де түсіруге қарсы емеспіз. ", - деп жауап берді Сатаев.