Қоғам

Қаржы министрі зейнет жасын төмендетуге қатысты түсініктеме берді

Министр ұлттық кеңесте айтылған барлық ұсыныс үкіметте қаралып жатқанын жеткізді. Тиісті мемлекеттік органдар әр ұсынысты саралайтын болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов әйелдердің зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендетуге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

6 қыркүйекте президенттің төрағалығымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында қоғам қайраткері Жәнібек Қожық әйелдердің зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендетуді ұсынған болатын. БАҚ өкілдері осыған қатысты қаржы министрінің пікірін сұрады.

Смайылов қазір елде зейнет жасын төмендету емес, ұлғайту жұмысы жүріп жатқанын еске салды.

"Бұл ұсынысты естідік, алайда қазір бүкіл әлемде кері процесс жүріп жатыр. Әлем елдерінде әйелдер зейнетке 65-67 жастан шығады. Себебі жер бетіндегі халықтың өмір сүру деңгейі жақсарып келеді", - деді ол мәжіліс кулуарында.

Министр ұлттық кеңесте айтылған барлық ұсыныс үкіметте қаралып жатқанын жеткізді. Тиісті мемлекеттік органдар әр ұсынысты саралап, өз позициясын дайындайды.

"Зейнет жасын төмендету туралы ұсынысты да қарастырамыз. Алайда бұл жерде мынадай бір проблема бар. Қазір жер шарында 65 жастан асқан халықтың үлесі артып келеді. Біз де осы жеті проценттік шектен асып кеттік. Яғни, жасы алпыс бестен асқан халықтың саны 7 проценттен көп. Елімізде егде жастағы азаматтардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Егер біз зейнеткерлерді лайықты өмірмен қамтамасыз еткіміз келсе, зейнетақы жүйесінің тұрақтылығына мән беруіміз қажет", - деді Смайылов.

Тағы оқыңыз: Зейнетақы қорындағы ақшаны алуға кімге рұқсат беріледі?

Оның айтуынша, елде еңбекке қабілетті қанша азамат жұмыс істейтінін, қанша азамат зейнетақы жүйесі есебінен қамтамасыз етілгеніне талдау жасалыпты. Оның қорытындысы бойынша әйелдердің жасын кезең-кезеңмен ұлғайту туралы заң қабылданған. Десе де, оның айтуынша, ұлттық кеңесте жария етілген ұсыныстар қосымша талқыланады.

Журналистердің 63 жас тым көп емес пе деген сұрағына министр:

"Бұл өмірдің қатал шындығы", - деп қысқа қайырды ол.

Айта кетсек, Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2027 жылдың 1 қаңтарына қарай біртіндеп 58 жастан 63 жасқа дейін ұлғаяды. Жыл сайын зейнет жасына жарты жылдан қосылып отырады.