НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда дәрігерлер Қанат Тезекбаев пен Асқар Тұңғышбаевтың ұсталуына қатысты істі өз бақылауына алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Нью-Йоркте сапармен жүріп, Алматыдағы 4-ші қалалық аурухананың бас дәрігері және анестезиологының тұтқындалуы жөніндегі медицина қауымының өтініш-тілектерін оқыдым. Германия ауруханасында жасалған отадан соң қайтыс болған науқастың өлімін заңға сәйкес тексеруді тапсырдым", - деп жазды Тоқаев твиттердегі парақшасында.
Айтуынша, бұл мәселе президент әкімшілігі, денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы қаласы әкімінің бақылауына алынды.
Алматыда ұсталған дәрігерлер
Жуырда Алматыда №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевтың қамауға алынғаны белгілі болды. №2 мамандандырылған ауданаралық тергеу соты екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.
Дәрігерге Қылмыстық кодекстің 317-бабы, 3-бөлігі "Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы" бойынша айып тағылды.
Тезекбаевтың бас дәрігер қызметінен уақытша шеттетілгені хабарланды.
Сондай-ақ, сот санкциясымен №4 қалалық клиникалық ауруханасының анестезиологы Асқар Тұңғышбаев та екі айға қамауға алынды. Ол да Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-тармағы бойынша айыпталып отыр.
Тағы оқыңыз: Алматыдағы №4 қалалық аурухананың бас дәрігері қамауға алынды
Егер кінә дәлелденсе, үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылып, бес жылға дейін сотталуы мүмкін.
Бұған дейін желіде Тезекбаевтың ұсталуы Нұрсұлтан Күдебаевтың өлімімен байланысты болуы мүмкін екені жазылған хат тараған еді. Алматы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаев биыл тамыздың басында Алматы облысында квадроциклмен жол апатына түскен болатын.
27 тамызда ол Германиядағы емханалардың бірінде көз жұмды.