НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. FlyArystan лоукостері жыл соңына дейін үш ірі қаладан Мәскеуге ұшуды жоспарлап отыр.
Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазақстандықтар Ресей астанасына Ақтөбе, Нұр-Сұлтан және Қарағандыдан арзан бағамен ұшып бара алады.
Air Astana ұлттық әуе тасымалдаушының басшысы Питер Фостер лоукостердің ұшу желісін кеңейту жоспарлары туралы айтты.
Лоукостердің ұшақтарын қабылдауға Мәскеудің қай әуежайы таңдалатыны әлі анықталған жоқ, деп хабарлады елшілік.
"Питер Фостер FlyArystan болашақта жеке әуе тасымалдаушы болуы мүмкін екенін жоққа шығармады", – делінген елшіліктің сайтында.
Бұған дейін Air Astana өзінің Мәскеу рейстерін "Шереметьеводан" "Домодедовоға" 2019 жылдың 27 қазанынан бастап ауыстыратыны туралы хабарлады.
FlyArystan арзан әуе компаниясы осы жылдың мамыр айында жұмысын бастады.