Әлем

Ресейлік танымал әншіні кім өлтіргені 17 жылдан кейін анықталды

Дмитрий Веселов пен Александр Агеев музыканттың үйін тонамақ болған, бірақ ойламаған жерден үй иесі шығып қалған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Ресейлік танымал бард әнші Михаил Кругті 17 жыл бұрын өз үйінде "Тверские волки" бандасының мүшесі Дмитрий Веселов атып өлтірген. Бұл туралы РФ Тверь облысы бойынша тергеу комитеті хабарлады.

Өлтіргісі келмеген

2002 жылдың 30 маусымында екі адам Мамулино елді мекенінде орналасқан Михаил Кругтің үйіне түскен.

Тағы оқыңыз: Шымкентте он жыл бұрын жасалған жантүршігерлік қылмыс ашылды

Дмитрий Веселов пен оның сыбайласы Александр Агеев танымал музыканттың үйін тонамақ болған, бірақ ойламаған жерден үй иесі шығып қалады. Содан Веселов әртіске екі рет оқ атқан. Мұның бәрін Агеев 17 жылдан кейін бүге-шігесіне дейін әңгімелеп берді. Айтуынша, олар Кругті өлтіргісі келмеген.  

Ол кезде тікелей куәгерлер мен айғақтар болмағандықтан қылмыс ашылмай қалады.

"Тверские волки"

Қанды қылмысты тергеу барысында әртүрлі нұсқалар қарастырылды.  

"Әншінің әрбір танысы,  сонымен қатар гастрольдер мен концерттерді ұйымдастыруға атсалысқан адамдар, трагедия болған ауылдың барлық тұрғыны тексерілді", - деп түсіндірді тергеу комитеті.

"Тверские волки" бандасының мүшесі Александр Агеев те нысанаға ілінді, бірақ ол өз кінәсін мойындамады.

"Ол кезде Агеевтің қылмыс жасағанын растайтын ешқандай тікелей айғақ болған жоқ. Дегенмен 2019 жылы тергеушілер бұрынғы қылмыстарды ашу аясында Михаил Кругтің өліміне қатысты қосымша ақпарат алды. Осыған байланысты бұл іс бойынша алдын ала тергеу қайта басталды", - деп атап өтті Тергеу комитеті.

Тергеу эксперименті

Тамыздың басында БАҚ қылмыс орнында жаңа тергеу эксперименті өткенін хабарлады. Ол жерге өмір бойына сотталған "Тверские волки" бандасының мүшесі Александр Агеев пен Александр Осипов әкелінді. Осипов әншінің танысы әрі тыңдарманы болып шығады. Ол Кругтің өліміне Веселов кінәлі екенін естіп, оны орманда атып өлтірген.

Ведомство әнші Михаил Кругті өлтірді деген күдікке ілінген Дмитрий Веселовтың қаза болуына байланысты тергеушілер қылмыстық істі және қылмыстық қудалауды тоқтату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.