НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. 2019 жылдың 19 қыркүйегінен бастап қазақстандық салық төлеушілерге мүлік және жер салығы туралы SMS хабарламалар жіберіледі. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тағы оқыңыз: Атырауда SMS-хабарлама арқылы рәсімделген туу туралы куәліктер табысталды
Ведомствоның мәліметіне сәйкес, жіберілген SMS-хабарламада 2018 жылға есептелген салықтар және 2019 жылдың 16 қыркүйегіндегі жағдай бойынша жеке тұлғалардың шоттарында қалыптасқан берешек пен артық төлемдер көрсетіледі.
SMS хабарламалар тарату қызметі жеке тұлғаларды салық міндеттемелері туралы уақытылы хабардар ету мақсатында іске қосылып отыр.
"Таяу уақытта Қазақстан азаматтары ұялы телефондары арқылы төлеуге тиіс салық сомасы туралы SMS-хабарлама алады. SMS-хабарламаның артықшылығы – жеке тұлғаларға салық міндеттемелері туралы хабарламалардың жедел жеткізілуіне 100% кепілдік береді", - делінген мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Мұндай хабарламалар "Kaspi Bank" АҚ-ның мобильді қосымшасына да жіберіледі.
Қазақстандықтар кез келген ыңғайлы жолмен салық төлей алады. Яғни олардың екінші деңгейлі банк бөлімшелерінде немесе төлем терминалдарында қолма-қол ақшамен, банкоматтар мен төлем терминалдарында банктік карталарды қолдана отырып www.kgd.gov.kz сайтындағы электронды қызметтерді пайдалануға мүмкіндігі бар.
Анықтама үшін жеке тұлғалар бірыңғай байланыс орталығының 1414 телефонына хабарласа алады.