НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан мен Қытай арасында сотталған азаматтарды қайтару туралы келісім бар. Соның аясында Ақжарқын Тұрлыбай жазасын өз елінде өтей алады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген адвокат маман осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Бас прокуратура да түсініктеме берді.
Ақжарқынның жазасын өзгертуге бола ма?
Адвокат Әсел Тоқаеваның ойынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы келісім бойынша сотталған азаматтарды елге қайтару шарасы қарастырылған. Бірақ ондайда соттың шешімі қайта қаралмайды. Ақжарқынның жазасын өтеу мерзімін де бірден өзгертуге мүмкіндік жоқ.
"Бәрі заңнамаға байланысты. Енді Қытайдағы соттың шешімін өзгерте алмаймыз. Дегенмен ол амнистияға ілігуі мүмкін, я болмаса, мерзімінен бұрын шартты босату шарасы қолданылады. Ал өзге елде жасалған қылмысты қайта қарай алмаймыз. Өйткені заңды шешім бар. Сосын келісім аясында жазасын өтеу үшін ғана сотталғандарды қайтару шарасы қарастырылған. Ондайда жаза қайта қаралмайды", - дейді Тоқаева.
Осы орайда сарапшы өз тәжірибесінен бірнеше мысал келтірді. Оның айтуынша, Қазақстанда есірткі үшін бір Грекия азаматы ұсталған. Бірақ оған жазаны өз елінде өтеген тиімді. Себебі ол мемлекеттің заңнамасы бойынша тура сол есірткі көлемі үшін жаза қатаң емес. Ал Қазақстанда ұсталған Өзбекстан азаматтары, керісінше, өз еліне жібермеуді сұраған. Себебі ол жақта жаза қатаң.
Бас прокуратура не дейді?
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов та осы мәселеге қатысты түсініктеме берді. Оның сөзіне қарағанда, Ақжарқын өз елінде амнистияға ілігуі мүмкін.
"Әзірге Қытайдағы соттың шешімі күшіне енген жоқ. Қазір аппеляциялық шағым қаралып жатыр. Біз нақты қандай шешім шығатынын білмейміз. Дегенмен Қазақстан мен Қытай арасында екіжақты шарт бар. Сол құжат бойынша Ақжарқын өтініш беріп, жазасын өз елінде өтей алады. Ондай өтініш болса, Қазақстан сотталған азаматты өзіне қайтара алады", - деді Ахметжанов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, шарт бойынша Қытайда шыққан сот үкімін өзгертуге болмайды. Дегенмен жазасын жеңілдетуге мүмкіндік бар.
"Біздің заңнамаларымызға сәйкес, үкімін өзгерте алмаймыз. Бірақ амнистия болып жатса, біз Қытайға ескерту жіберіп, осындай-осындай халықаралық келісім бойынша ол шараны қолдануға мүмкіндік бар деп хабарлаймыз. Соттың нақты шешімі керек. Оны өзгерте алмасақ та, келісім бойынша жазаның түрін өзгертуге мүмкіндік бар", - деп атап көрсетті Ахметжанов.
Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдыры
Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.
2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.
Тағы оқыңыз: Тоқаев Қытайда Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді
Биыл 3 қыркүйекте Қытайдың Гуанчжоу қалалық сотында Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша отырыс өтті. Отырыста қорғаушы тарап ұсынған қылмыстық іс материалдары қаралды. Үкімнің қашан жарияланатыны белгісіз.
Ал 9 қыркүйекте отандасымыздың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазғаны хабарланды. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді.