Қоғам

"Ешкім бере алмайды": вице-министр баспана сұрап, бас көтеретін аналарға жауап берді

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, баспана кезегінде алдында қанша адам тұрса, солардың бәрі пәтер алғанша күту керек
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 қыркүйек – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев митингіге шығып, баспана талап ететін көпбалалы аналарға кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мен көпбалалы аналарға мынаны айтайын деп отырмын, біз баспана мәселесін екі жолмен шешіп жатырмыз. Мысалы, "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 2 проценттік несие алуға болады. Оған жағдай жетпесе, жалдамалы пәтерге кіруге мүмкіндік бар", - деді Өскенбаев астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, жыл сайын 6 мың жалдамалы баспана салынып, бірнеше жыл ішінде әкімдік кезегінде тұрған барлық көпбалалы анаға таратылады. Тіпті үш жыл ішінде кезек мәселесін шешу тапсырмасы бар.

"Енді халықты да түсінуге болады. Олар екі-үш жыл күткісі келмей, қазіргі жағдайды ойлап жатыр ғой. Қазір алсам екен дейді. Бірақ кішкене сабырлық сақтау керек. Себебі әкімдіктерде белгіленген кезек бар. Ол кезектің алдына ешкім шыға алмайды. Ал олар (көпбалалы аналар - Sputnik) келеді де, "көмектесіңізші, беріңізші" дейді. Мен айтамын: "Мен де, министр де, үкімет басшысы да бере алмайды". Ешкім бере алмайды, өйткені заң бар", - деп түсіндірді Өскенбаев.

Оның сөзіне қарағанда, кезек бойынша алдында қанша адам тұрса, солардың бәрін күту керек, себебі тәртіпті ешкім бұза алмайды.

Тағы оқыңыз: Вице-министр көпбалалы отбасылар үшін жағымды жаңалықпен бөлісті

"Мысалы, кезекте сіздің алдыңызда 1 мың адам тұрса, олардан бұрын мен сізге қалай беремін? Қолымнан келетін болса, көрінген адамды тыға беремін ғой. Сол себепті оны ешкім істей алмайды. Бәрі тәртіп бойынша беріледі. Сондықтан сабырлықпен күту керек", - дейді Өскенбаев.

Вице-министр сабырға шақырғанымен, астанада тұратын көпбалалы аналар тағы да бас көтерді. Бір топ әйел баспана талап етіп, ұрандатып, Нұр-Сұлтандағы басты көшелердің бірінде жүріп өткен.