НҰР-СҰЛТАН, 19 қыркүйек – Sputnik. Қыркүйек айынан бастап 4, 9 және 10-сынып мұғалімдерінің жалақысы 30 процентке артады. Бұл – өткен жылғы жолдаудың міндеті. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген астаналық мұғалімдер осы айда жалақының қалай өзгеретінін айтып берді.
Педагог-сарапшының жалақысы қандай?
№76 мектеп-лицейінде жұмыс істейтін Айжан Омарова 4-ші сыныпқа жетекшілік етеді. Аттестациядан өз еркімен өтіп, педагог-сарапшы санатын алып шыққан. Осының арқасында жалақысы 15 000 теңгеге өсті. Бұдан бөлек, қыркүйектен бастап жаңартылған білім беру мазмұны үшін 30 проценттік үстемақы қосылады.
"Қазір менің жүктемем 21 сағатты құрайды. Айлығым - 86 000 теңге. Енді, осы айдан бастап оған жаңартылған білім беру мазмұны үшін 30 проценттік үстемақы қоса беріледі. Ол, шамамен, 30 000 теңге. Сонда мен 116 000 алатын боламын", - дейді Омарова.
Оның айтуынша, біліктілік санаты көтерілген сайын жалақы да өседі. Ол үшін мұғалім мен оқушылардың жетістіктері жоғары болуы керек. Дегенмен бұның бәрін ұштастыру оңай емес.
"Оқушылардың жетістіктері көп болса, мезгілінен бұрын санат алуға өтініш білдіруге болады. Ол кезде оқушылардың жетістігі ғана емес, мұғалімнің жеке жетістіктері де бағаланады. Мысалы, педагог-зерттеуші, я болмаса, педагог-шебер санатына тапсыру үшін республикалық немесе халықаралық деңгейдегі жетістіктер болуы керек. Оқу құралын шығару қажет. Сонда жалақы да көбейеді. Қазір жасым – 30-да. Сондықтан бәрі алда деп ойлаймын", - дейді Омарова.
"Жалақыма 23 мың теңге қосылып тұр"
Ал география пәнінің мұғалімі Айжан Рақышқызы аттестация кезінде педагог-зерттеуші санатын алып шыққан. Ол жоғары сыныптарға сабақ береді. Сондықтан осы айда 30 проценттік үстемақыға ілігіп отыр.
"Мысалы, былтыр менің жалақым 152 489 теңге болған. Биыл 30 проценттік үстемақымен оның көлемі 175 524 теңгеге артады. Сонда жаңартылған білім беру бағдарламасы үшін 23 035 теңге қосылып тұр", - деді Рақышқызы.
Оның сөзіне қарағанда, төменгі сыныптар жаңартылған білім беру бағдарламасына біртіндеп үйреніп жатыр. Ал жоғары сыныптарға бірден бейімделу қиын.
"Енді, 9-сынып жаңартылған білім бағдарламасына 8-сыныптан дайын болып келеді. Олар жиынтық бағалау-жазуды, қалыптастырушы бағалау-жазуды біледі. Қазір қиындық туғызып тұрғаны – 10-сынып. Олар ештеңені білмей келді де, бірден жаңа бағдарламамен оқып кетті. Ал ол жерде кітап та, бәрі басқаша", - деп атап көрсетті Рақышқызы.
Осы орайда педагог-зерттеуші география пәнінен бірнеше мысал келтірді. Оқушылар 6-сыныптан бастап әдістердің түр-түрін меңгереді. Оның ішінде салыстырмалы әдіс, картография, математикалық модельдеу, информатикалық әдіс және тағы басқалар бар. Бұның барлығы барған сайын күрделене береді.
Тағы оқыңыз: Мұғалімдердің зейнет жасы төмендей ме - министр жауап берді
"Ал төменгі сыныпта әдістер туралы негізгі ақпарат алмаған бала 10-сыныпта қатты қиналады. Содан біз төменгі сыныптардың бағдарламасын ақтарып, нақты анықтамасын бергеннен кейін жұмысқа кірісіп жатырмыз. Өйткені тоқсан бойынша жиынтық бағалау кезінде балалар сол әдістерді пайдалануды көрсетуі керек. Енді, келесі жылы 11-сыныпта ондай қиындық болмайды деп ойлаймын. Өйткені оқушылар соның бәрін 10-сыныптан игеріп барады", - деді Рақышқызы.
Басқа мұғалімдердің жалақысы қалай өзгереді?
Бастауыш сыныптарға сабақ беріп жүрген Индира Сабигазинаның жалақысы өткен жылы артқан. Себебі алдымен 1, 2, 5 және 7-сынып мұғалімдерінің айлығы көтерілсе, одан кейін 3, 6 және 8-сынып ұстаздары жалақыны үстемеақымен ала бастады.
"Мен өзім бес жыл бұрын Өскемен қаласынан екінші категориямен ауысқан едім. Былтыр аттестациядан өтіп, педагог-сарапшы санатын алып шықтым. Бас кезінде бір сыныппен жалақым 100 000 теңгеден аспайтын. Ал қазір санат пен 30 проценттік үстемақыны қоса алғанда 170 000 теңге алып жүрмін", - дейді Сабигазина.
Математика мұғалімі Айман Сүгірова да 30 проценттік үстемақыны алған. Оның жүктемесі – 27 сағат. Биыл оның жалақысына 27 000 теңгедей қосылып отыр. Аттестациядан кейін тағы қосымша ақы беріле бастады.
"Мен аттестацияда педагог-зерттеуші санатын алып шыққанмын. Оған 47 000 теңге қосылды. Бұдан бөлек, 30 проценттік үстемақысы бар. Сонда барлығы еңбекақыма 80 000 теңгеге жуық ақша қосылып отыр. Әрине, ақша қосылғасын жұмыс та көбейеді", - деп атап көрсетті Сүгірова.
Оның айтуынша, мектепте барлық құрал-жабдықтар бар. Қағазға да, бояуға да артық ақша шығарудың қажеті жоқ. Соның арқасында үстемақының салмағы сезіліп отыр.
"Енді, басқа мектептерде ондай жағдай болмаса, қосымша ақшаның пайдасы көп емес. Сосын бізде ынталандыру сыйақысы беріліп тұрады. Осы ақша мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктеріне қарай төленеді. Ол да үлкен көмек", - дейді Сүгірова.