Қоғам

Мемлекеттік кірістер комитеті желіні дүрліктірген ақпаратқа түсініктеме берді

Әлеуметтік желілерде өткен жылдың салығын төлемегендер 20 мың теңге айыппұл төлейтіні туралы хабарлама тарады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 қыркүйек – Sputnik. Мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы өткен салықтық кезеңдер үшін берешегі бар азаматтар борышын осы жылдың 1 қазанына дейін өтемесе, 8 АЕК (20 000 теңге шамасында, 1 айлық есептік көрсеткіш – 2525 теңге) көлемінде айыппұл есептелетіні туралы хабарламаға тараған.

Тағы оқыңыз: Түркістан облысында бесем туды деген ақпарат жалған болып шықты 

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

"Жеке тұлғалар бюджетке жер және мүлік салықтарын өткен жыл үшін осы жылдың 1 қазанына дейін төлеуі тиіс. Көлік салығы осы жыл үшін 31 желтоқсанға дейін өтеледі. Қолданыстағы ҚР салық заңнамасында айыппұл есептеу шаралары көрсетілмеген. Тек салықты уақытылы төлемеген жағдайда өткізілген әр күнге өсімпұл есептеледі", - делінген мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ мемлекеттік орган осы жылдың соңына дейін жеке тұлғаларға арналған салықтық рақымшылық процесі жүріп жатқанын атап өтті. Оның ережесіне сәйкес, жеке тұлға берешегінің негізгі сомасын өтеген жағдайда өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады.