НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек — Sputnik. Қазақстандық әнші, SuperStar.kz жобасына қатысушы Жанар Хамитованы Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында сәрсенбі, 18 қыркүйекте жерлейді. Ақтық сапарға шығарып салу күнін тележүргізуші Анна Данченко Sputnik Қазақстанға растады.
Жанар Хамитованың қазасы
"Арнау" дуэтінің экс-солисі Жанар Хамитова 16 қыркүйек күні таңертең көз жұмды. Қайғылы жайтты әуелі әнші Әбубәкір Ужазов хабарлап, кейін әншінің өзге таныстары мен әріптестері растаған. Олардың мәліметінше, әртіс Қарқаралыдағы туған ауылында көз жұмыпты.
Кейінірек 30 жастағы әншінің өлімін Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі де растады. Сейсенбі күні таңертең ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев Жанардың өз-өзіне қол жұмсағанын мәлімдеді.
Тағы оқыңыз: Министр әнші Жанар Хамитованың қазасына қатысты түсініктеме берді
Хамитованың өлімі бойынша тиісті сараптамалар тағайындалған, қылмыстық кодекстің 105-бабы бірінші бөліміне (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сәйкес тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жанар Хамитованың шығармашылығы
Жанар Хамитованың шоу-бизнестегі мансабы 2006 жылы SuperStar.kz жобасына қатысқаннан кейін басталды. Жобадан кейін конкурсқа бірге қатысқан әнші Нұржан Керменбаевпен "Арнау" дуэтін құрған.
Хамитова екі жыл топта жұмыс істеп, кейін тұрмысқа шығады да, он жыл сахнадан көрінбей кетеді.
Тағы оқыңыз: "Менен кешірім сұраған": Керменбаев Жанар Хамитова туралы жазба жариялады
2019 жылы әнші қайта ел алдына шығып, телеарналардың біріне берген сұқбатында күйеуімен ажырасқаннан кейінгі қиындықтары туралы айтқан.
Сол кезде Жанарға әнші әрі продюсер Сиви Махмуди қолдау көрсетеді. Ол "Арнаудың" экс-әншісін жұмысқа алыпты.
Алайда Хамитова көп ұзамай тағы да шоу-бизнестен кетуге бел буды. Әртіс жан күйзелісіне шалдығып, сахнаға шығуға қорқатынын мәлімдеген. Ол психологқа қаралып, емделгісі келетінін айтқан еді.