НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек — Sputnik. Қазақстандықтар Тверь облысы Оленин ауданыны Мостовая станциясындағы әскери мемориалды жөндеп жатыр.
Бұл игі іске осы жерде жерленген жауынгер Білісбек Әжібековтің немерелері бастамашы болды, деп хабарлады Қазақстанның Ресейдегі елшілігі.
Білісбек Әжібеков 73 жыл бойы із-түзсіз жоғалған деп тіркелген болатын. Өмірінің соңына дейін жауынгердің жесірі және ұлы осы жылдар ішінде қанша іздесе де, еш нәтиже болмаған.
"2016 жылы ғана немерелері атасының 1943 жылы екінші наурызда (Оленин ауданы азат етілгеннен екі күн бұрын) Масленка ауылы маңында қаза тауып, Мостовая станциясында жерленгенін анықтады", - делінген елшіліктің хабарламасында.
Білісбек Әжібековтің немерелері Нұрғали мен Ерғали Білісбековтер атасы мен өзге сарбаздардың атын тарихқа мәңгі қалдыруды жөн көрген. Олар Жеңістің 75 жылдығына орай өз қалтасынан қаражат бөліп, әскери мемориалды жөндеп жатыр.
Негізгі жұмыс жақын арада аяқталмақ.
Тағы оқыңыз: Путин Тоқаевты 2020 жылғы Жеңіс парадына шақырды
Ашық деректер бойынша, Ұлы Отан соғысы кезінде майданға Қазақстаннан 1 миллион 196 мың 164 қазақстандық немесе республика халқының 20 проценті аттанды. Соғысқа дейін Қазақстандағы халық саны 6,5 миллион адам болған еді. Қан майданда 601 мың 939 адам қаза болды (халықтың 12%-і).