Оқиға

Елордада 40-тан астам құрылысшы "Nur Otan-ға" әділдік іздеп келді

Абу-Даби плаза құрылысшылары жұмыстан негізсіз шығарғанына наразылық білдіріп, мердігер компаниядан өтемақы талап етті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Елордадағы атышулы Абу-Даби плазада тағы да шу шықты. Бұл жолы 40-тан астам құрылысшы жұмыстан негізсіз шығып қалғанын айтып шағымданып отыр.

"Жұмыстан еріксіз шығарып жатыр. Бізден бөтен шетел азаматтарының барлығы қалды. Өткенде 40 адам шығарған. Бүгін тағы сонша шығарды. Себебін айтпайды. Ешқандай себеп жоқ. Сосын бізге өтемақы да төленген жоқ", - дейді құрылысшы Ақылбек Мәмбетжалин.

Жұмыстан себепсіз шығып қалдық дегендер құрылысы созылған "Абу Даби плазада" сантехник, электрик және монтаждаушы болып тоғыз айдан бері еңбек еткен. Жұмыстан шығып қалғандарын да кеше естідік дейді. Сол үшін мердігер World monitoring фирмасынан өтемақы талап етіп отыр. Барлығының қолында еңбек келісімшарты бар, деп хабарлады КТК.

Тағы оқыңыз: Бердібек Сапарбаев "Абу-Даби плаза" жұмысшыларының ереуіліне қатысты түсініктеме берді 

Дегенмен оларды жалдаған компания артық ақша төлеуден бас тартыпты. Сондықтан бір топ жұмысшы бүгін "Nur Otan" партиясына әділдік іздей келген. Ондағылар сәл шыдай тұруға шақырды.

"Біз заң бұзылып отыр ма, жоқ па, соны зерттеуіміз керек. Ол үшін өзіміздің әкімдік болсын, еңбек инспекциясы болсын, прокуратура болсын, солардың көмегімен осы мәселені зерттеп шешуге тырысамыз", - дейді "Nur Otan" партиясы қоғамдық қабылдау бөлмесінің бас кеңес берушісі Жұмажан Жүкенов.