Оқиға

Хромтауда көлік адамдарды соқты: сегіз студент пен 6 жасар бала ауруханаға түсті

Рөлде отырған жігіттің көлік жүргізуге құқығы болмаған, ол адамдарды соққаннан кейін оқиға орнына қашып кеткен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек — Sputnik. Хромтау орталық аудандық ауруханасына жедел жәрдем сегіз колледж студенті мен нөлінші сынып оқушысын жеткізген. Зардап шеккендердің алтауын үйіне жіберді, ал үшеуі ауруханада жатыр.

14 қыркүйек сағат 09.55-те Ваз 21140 көлігі бір топ адамды соқты. Ішінде 20 жастағы жігіт отырған. Ол көлік тұрағынан шығып бара жатып, рөлге ие бола алмай қалған.

"Жүргізуші жолдың шетімен жүріп бара жатқан кәмелеттік жасқа толмаған балаларды, Хромтау тау-кен техникалық колледжінің студенттерін соқты", - деп хабарлады Ақтөбе облысының полиция департаменті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Sputnik Қазақстан тілшісіне зардап шеккендедің жағдайы туралы айтып берді.

"Үш адам - 2001, 2002 және 2013 жылы туғандар жабық бас сүйек жарақатымен ауруханада жатыр. Жеңіл жарақат алған қалғандары үйлеріне жіберілді, олар амбулаторлық бақылауда", - деді дәрігерлер.

Адамдарды соққаннан кейін жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен, бірақ полиция оны көп ұзамай ұстады.

Бұл факті бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 611-бабының 3-тармағы және 610-бабының 3-тармағы бойынша әкімшілік іс қозғалды.

611-баптың 3-тармағы бойынша айыпталушы жүз айлық есептік көрсеткіш (252 500 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуі немесе отыз тәулікке қамауға алынуы мүмкін.

Ал 610-баптың 3-тармағы бойынша 60 АЕК (151 500 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.