Өңірлер

Ақтауда Каспий маңы елдерінің үздік эндохирургтері тәжірибесімен бөліседі

Танымал хирургтер бірнеше күн бойы дәрігерлер мен медбикелерге мастер-класстар мен тренингтер өткізеді
Sputnik

АҚТАУ, 15 қыркүйек — Sputnik. Маңғыстау облысында Каспий маңы елдерінің алғашқы пәнаралық эндохирургия конгресі өтіп жатыр. Мұнда Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстанның үздің мамандары жиналды.

Конгресс аясында Ресей, Балтық елдері, Украина, Иран, Франция және Қазақстанның білікті эндоскопиялық хирургтерінің қатысуымен мастер-класстар жүргізіліп жатыр. Көрмеде су жаңа эндоскопиялық құрылғымен танысуға болады.

Конгресс KARL STORZ ENDOSCOPY Kasachstan компаниясының басшылығымен өтіп жатыр.

Конгресс кезінде эндохирургия құралдарының көрмесі жұмыс істейтін болады.

Ақтауда Каспий маңы елдерінің үздік эндохирургтері тәжірибесімен бөліседі

Ақтаудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде 15 және 19 қыркүйек аралығында дәрігерлер мен медбикелерге арналған ғылыми сессиялар, мастер-класстар мен тренингтер өтеді. Маңғыстау облыстық ауруханасында конгресс аясында жасалатын барлық ота онлайн көрсетілмек.

"Биыл Маңғыстау облыстық ауруханасы 30 жылдығын тойлап жатыр. Осы уақыт аралығында шағын мекемеден көпбейінді стационарға айналды. Мұндағы отаның 70%-і заманауи эндохирургия технологияларының көмегімен жасалады", - деді Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әнуар Сағымбаев.

Конгрестің құрметті төрағасы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тоқпанов форумның ауқымы өте кең екенін атап өтті.

Ақтауда Каспий маңы елдерінің үздік эндохирургтері тәжірибесімен бөліседі

"Таяу және алыстағы шетелден келген қонақтарымыз бар. Тәжірибелі мамандардың басшылығымен жаттығу курсы, отаға қатысатын медбикелердің эндохирургия құралдары мен құрылғыларын дұрыс пайдалануы және күтіп ұстауы бойынша курс ұйымдастырылды. Конгресс Каспий маңы елдері және хирургия қауымдастығының ынтымақтастығын нығайтуға айтарлықтай үлесін қосатынына сенімдімін", - деді Тоқпанов.

Ресейлік делегация конгреске жаңа жетістіктерін көрсетуге келген екен.

"Мен балалар хирургімін, бағдарламада балалар хирургиясына ерекше назар аударылған. Біз Ресейде пайда болған жаңа ақпаратты алып келдік. Қазақстандық балалар хирургтерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Бұл шара – Қазақстанда хирургияны дамыту мақсатында жасалған қадамдардың бірі. Өзім де осы жерде білім алмақпын, үнемі ізденісте жүремін, сол себепті бұл шараның мен үшін маңызы зор", - деді Мәскеудің бас балалар хирургі, медицина ғылымдарының докторы, Ресей ғылым академиясының корреспондент мүшесі Александр Разумовский.

Ақтауда Каспий маңы елдерінің үздік эндохирургтері тәжірибесімен бөліседі

Атап өтсек, конгрестің негізні бағыттары – асқазан және ішек жолдары, қалқанша без, колопроктология, гистероскопия, гинекология және онкология  хирургиясы.

Конференция материалдары негізінде ғылыми жинақ жарық көреді.