Өңірлер

Ғабидолла Әбдірахымовтың уәдесі орындалмай қалды

Экс-әкімнің Шымкентті мың қоғамдық көлікпен қамтимыз деген сөзі желге ұшты. Басшы уәде еткен автобустың тек 30 пайызы ғана келген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Шымкент уәде етілген автобустардан құр қалды. Осыған дейін қала әкімі болған Ғабидолла Әбдірахымов биыл жыл соңына дейін мың қоғамдық көлікпен қамтимыз деген сөзі желге ұшты.

Өзі лауазымынан айырылған соң, сөзі де салмағынан айырылған болcа керек, басшы уәде еткен автобустың тек 30 пайызы ғана келген, деп хабарлады КТК.

Жаңа автобустар үшінші мегаполиске керек-ақ. Қазір қызмет көрсетіп жатқан көлік компанияларының тым сапасыз екенін билік те талай мәрте мойындаған. Жұртшылық дер кезінде қатынамай, билеттендіруден  жұрдай деген шағымдарынан соң жыл басында муниципалды заманауи автопарк жасап, мың автобус әкелетін болған еді. Бірақ бұрынғы әкім қызметінен кеткен соң, оның бастамасы да ысырылып қалды.

Тағы оқыңыз: Ғабидолла Әбдірахымов жаңа қызметке тағайындалды

Қоғамдық көліктердің қозғалысына тікелей жауап беретін "Шымкент" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бұл жағдайға бейқам отыр. Осыған дейін бұл мекеме ескі автобустарды жаңасына уақтылы ауыстырамыз деп уәде берген-ді. Ол әзірге тек сөз жүзінде қалғандай.

Жергілікті билік қаладағы 27 көлік компаниясының алтауы ғана талапқа сай екенін мойындайды. Тағы 700 автобус қалаға ауадай қажет деген әкімдік, келер жылдан бастап Шымкентте қоғамдық көлік проблемасы болмайды деп сендіреді.

"200 автобусымыз бар, оларды бағдарға шығарамыз. Одан кейін 2020 жылы 700 автобус алдырып жатырмыз. Оларды шығаратын болсақ, жағдайымыз жақсарады. Яғни, кондуктор дұрыс сөйлемейді, билет бермей жатыр, кешкі уақытта жүрмейді деген сөз болмайды. Осы мәселелерді түбегейлі шешу жолдарын қарастырып жатырмыз", - деп түсіндірді Шымкент қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев.  

Айта кетейік, кеше Ғабидолла Әбдірахымов Қазақстан Республикасы премьер-министрінің кеңесшісі болып тағайындалды.