НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек — Sputnik. Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин Бейжіңде танымал қытай актері әрі режиссер Джеки Чанмен кездесті.
Қарин кездесу барысында шынайы оқиғаларға негізделген фильм туралы сөз қозғаған.
"Сәуір айында Джекимен кездескен кезімде "Жусан" гуманитарық операциясы туралы айтқан едім. Бұл оқиға оған қатты әсер етіп, "бұл - фильмнің дайын сюжеті" деген болатын. Кеше Бейжіңде тағы да Джекимен кездесіп, әртүрлі тақырыптарды, жобаларды талқыладық, сол кезде қаңтар айындағы операциядан кейін "Жусанның" тағы бірнеше кезеңі болғанын айтып бердім. Сосын әзірленіп жатқан фильмнің жобасын көрсеттім", - деп жазды Қарин Instagram парақшасында.
Тағы оқыңыз: Димаштың өнеріне тәнті болған Джеки Чан өз-өзін ұстай алмады - видео
Президенттің кеңесшісі атап өткендей, Қытайдың кино жұлдызы бұл фильмге түспейді, бірақ Джеки Чан басқа жобаға қатысуды жоспарлап отыр екен. Ол туралы мемлекет басшысының кеңесшісі қазан айында толығырақ айтып беруге уәде етті.
"Жусан" операциясы
Қазақстан азаматтарын Сириядағы қақтығыс аймақтарынан қайтаруға бағытталған "Жусан" арнайы операциясы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2019 жылдың басында ұйымдастырылған болатын. Осы операцияның үш кезеңінің нәтижесінде елге 357 бала оралды.