Саясат

Тоқаевтың баспасөз хатшысы Қытайдың Қазақстандағы басты мақсатын атады

Берік Уәлидің айтуынша, Қытаймен арадағы байланысты нығайтып, мәңгілік стратегиялық әріптестік орнату - заңдылық
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Қытай Қазақстан жеріне ешқашан көзін алартып қарамайды. Олардың басты мақсаты – сауда жасау. Бұл туралы бүгін Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Уәли президенттің Қытайға жасаған екі күндік сапарын қорытындылады. Айтуынша, мемлекеттік сапар екі елдің ұзақ мерзімді стратегиялық қарым-қатынасын нығайта түседі.

"Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан территориялық тұрғыдан әлемдегі екі алып мемлекетпен құрлықтық шекарасы бар. Оның бірі Ресей болса, шығысымызда – Қытай. Қазіргі таңда еліміздің 1782 шақырым шекарасы осы Қытаймен шектеседі. Бұл үлкен құрлықтық шекара болып есептеледі. Көршілес, іргелес тұрған елмен араласпай, алыс-беріс жасамай тұра алмаймыз. Өйткені Қытай – біздің Құдай қосқан көршіміз. Сол себепті Қытаймен байланысымызды орнықтыруымыз, мәңгілік стратегиялық әріптестік орнатуымыз заңдылық деп есептейміз", - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Тағы оқыңыз: Тоқаевтың Қытайға не үшін барғаны белгілі болды

Уәли Қытай жоғары технология өнімдерін өндіру бойынша жаһандық деңгейде көшбасшы саналатынын атап өтті.

"Оны мойындауымыз керек. Кешегі сапар барысында оған көз де жеткіздік. Оның үстіне әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел саналады. Осындай әлеуеті күшті мемлекетпен араласпай, шекарамызды жауып отыру мүмкін де емес. Оны барлықтарыңыз жақсы білесіздер", - деді баспасөз хатшысы.
Айтуынша, Қазақстан Қытайдың жаңа технологиясын күнделікті өмірде пайдалануға, өндіріс орындарына инновациялық жаңалықтар енгізуге мүдделі.

"Сол себепті біз мынаны түсінуіміз керек деп ойлаймын. Қытай бізге өзінің идеологиялық саясатын таңып, қандай да бір құйтырқы ойын жасап отырған жоқ. Қытай Қазақстанның жеріне ешқашан көзін алартып қарамайды. Біздің территориялық тұтастығымызды толық мойындап отыр. Қазақстанға тек стратегиялық әріптес ретінде қарайды. Оның негізгі мақсаты – сауда жасау. Сауда арқылы пайда табу. Әлемнің қай түкпірінде жүрмесін, бұл - олардың басты мақсаты, мұраты. Осы бағытта жұмыс істеп келе жатыр", - деді Уәли.

Тағы оқыңыз: "Бас тарта алмаймыз": вице-премьер Қытаймен бірлескен 55 жоба туралы айтты

Ол бүгінде барлық әлем Қытайдың инвестициясына ұмтылып жатқанын, Қазақстан да бұл үрдістен қаша алмайтынын жеткізді.