НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Қазақ халқының біртуар дарынды тұлғасы Нұртас Оңдасынов туралы "Биліктен биік тұлға" атты деректі фильм түсірілді. Туынды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің қолдауымен жарыққа шыққан.
"Халқына қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін танытқан ХХ ғасырдағы арыстарымыз туралы ғибратты фильмдер көрермендерге жол тартты. Соның бірі қайраткер тұлға Нұртас Оңдасынов жайлы. Деректі фильмде халқымыздың ірі тұлғасы туралы тарихи деректер молынан кездеседі", - дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы баспасөз қызметінің басшысы Сырымбек Төлеуұлы.
Ардақты арысымыз туралы деректі фильмді ҮouTube-тен тамашалауға болады.
Нұртас Оңдасынов туралы не білеміз?
Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов 1904 жылы 26 қазанда Түркістан жерінде дүниеге келген. Әке-шешесінен жастай айырылған. 1922-1927 жылдары Ташкент орман шаруашылығы техникумында оқыды, Мұхтар Әуезовтен дәріс алған.
1938-1951 жылдар аралығында Қазақстан үкіметін басқарды. Үкімет басына келісімен бірінші кезекте елдегі сауатсыздықты жою жұмысын қолға алып, оны сәтті аяқтайды. Шалғай аудандарда мұғалімдер даярлайтын курстар, училище, облыс орталықтарында мұғалімдер институтын ашты.
Тағы оқыңыз: "Ол мені қорғап қалды" Дінмұхамед Қонаев туралы не білеміз?
1954-1955 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы болды. Ал Гурьев облысында басшылық қызмет атқарған жылдары мұнайлы өлкенің дамуына зор үлес қосты.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев он жыл бойы Оңдасыновтың орынбасары болған.
Оңдасынов 1962 жылы зейнетке шыққаннан кейін, шығармашылыққа ден қойған. 1969 жылы "Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі", 1974 жылы "Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі" жарық көрді.
Ұлт қайраткері 1989 жылы күзде Мәскеуде дүниеден өтті.