Қоғам

100 темекімен тең: Дәрігер "кальянның" орны толмас өкінішке әкелетінін айтты

Гүлмира Сағатованың айтуынша, қорқордан гепатит, герпес, туберкулез сияқты жұқпалы аурулар таралуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек – Sputnik, Дәурен Ерболат. Лор-хирург Гүлмира Сағатова жастар арасында сәнге айналған қорқордың (кальян) несімен қауіпті екенін, оны жиі тарту қандай ауруға шалдықтыратынын, қорқордың құрамында қандай улы заттар бар екенін Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында айтып берді.

Қорқорды аптасына 5 рет тартатын жігіттің әңгімесі

29 жастағы Еркебұлан Әбдиев қорқорды тартып жүргеніне 8 жыл болыпты. Алғаш рет 21 жасында "дәмін татқан". Жас жігітке оның хош иісті түтіні ұнап қалған.

"Ішімдік ішпеймін, темекі тартпаймын. Жаман әдетім болса, осы қорқор тарту шығар. Оны тартып жүргеніме 8 жыл болды. Мейрамханада менеджер болып жұмыс істеймін. Қорқорды аптасына 5 рет тартамын. Көбінесе мейрамханада қорқорға тапсырыс беремін, үйде де тартамын", - дейді ол.

Астана тұрғыны қорқордың зияны туралы біледі. Бірақ бұл әдетінен бас тарту жоспарында жоқ. Оның айтуынша, қорқор ауыр жұмыс күнінен соң жүйкесін тыныштандыратын көрінеді.

"Қорқор маған ауыр жұмыс күнінен соң демалуға көмектеседі. Достарым маған оның зияны туралы айтқан. Бірақ денсаулығым нашарлап, ентігу пайда болған жоқ. Тыныс алуым бірқалыпты. Дәрігерге де қаралдым. Анализдерім жақсы шықты. Сондықтан бұл жерден проблема көріп тұрған жоқпын. Бұл әдетімнен бас тартпаймын. Ол туралы ойлаған да жоқпын", - дейді Еркебұлан Әбдиев.

Аурумен күрескеннен гөрі алдын алған жөн

Ал лор-хирург Гүлмира Сағатова бұл қорқорға тәуелді адамның пікірі екенін, аурумен күрескеннен гөрі оның алдын алған жөн екенін айтады.

"Қорқор тартатын адамның оның зиянды екенін мойындамауы мүмкін. Себебі, оны жалғыз өзі шекпейді ғой. Маған қорқорға тәуелді пациенттер келеді. Мысалы, қабылдауымда жас жігіт болды. Қателеспесем, ол маған бір ай бойы күн сайын келді. Оның ауыз қуысы шырышты қабатында күйік (ожог слизистой рта) болатын. Бірақ оның күйігі жазылмай қойды", - дейді медицина ғылымдарының кандидаты.

Дәрігер жігітпен сөйлесіп, оның қорқорды жиі тартатынын білген.

"Бұл күйік неге жазылмайды?" деп таңғалдым. Бір күні "қорқор тартасың ба?" деп сұрақты төтесінен қойдым. Ол мойындаған жоқ. Кейін 200 қорқор сатып алғанын, оны қаладағы мейрамханаларға қойғанын айтты. Яғни адамдарға жасап беріп, оны өзі тұтандырып береді. Салдарынан ауыз қуысында күйік пайда болған. Оны емдеп жаздым. Кейін маған келмейтін болды", - дейді Гүлмира Сағатова.

100 темекіні тартқанмен тең

Лор-хирург қорқор темекісінің (табак) құрамында кептірілген жапырақтар, хош иістендіргіштер, глицерин, консерванттар, бояғыштар (краситель) болатынын жеткізді. Қорқорды алғаш рет тартқан адамға оның түтіні ұнап қалады.

"Себебі, қорқордың түтіні хош иісті болып келеді. Оның неше түрлі иісі болады ғой. Бірақ құрамында улы элементтер бар. Бір қорқорды тарту 30-40 минутты алуы мүмкін. Оның түтіні 100 темекінің түтінімен бірдей. Яғни қарапайым тілмен айтқанда, қорқор тарту 100 темекі тартумен тең. Сондай-ақ алғаш рет тартқан адамда тәуелділік пайда болуы мүмкін", - дейді ол.

Қатерлі ісікке, жұқпалы ауруларға шалдықтырады

Дәрігерлер 40 минут бойы қорқор шеккен адам улы түтінді, бір қорап шылым тартқан адамнан көбірек жұтатынын айтады. Оны тарту кезінде көбірек күш жұмсауға тура келетіндіктен түтін өкпенің терең тұстарына кіріп кетеді. Гүлмира Сағатова бұл адам денсаулығына тигізетін қауіпті жоғарылатады деген пікірде.

"Қорқор ұзақ тарту өкпе және ұйқы безі қатерлі ісігіне шалдықтыруы ықтимал. Бұл оның құрамында бензолдың болуымен байланысты. Ол қатерлі ісікті тудыру қаупін жоғарылатады. Қорқорды алғаш рет тартқан адамның ауыз қуысы шырышты қабаты (ожог слизистой рта) күюі мүмкін", - дейді лор-хирург.

Дәрігерлер қорқордың құрамында у шылым түтінінен бірнеше есе жоғары екенін айтады. Сондықтан Гүлмира Сағатова қорқорды шеккен соң, оны жақсылап жуу қажеттігін жеткізді. Оның пікірінше, бұл талап барлық жерде орындалмауы мүмкін. Салдарынан жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі жоғарылайды.

"Қорқордың мундштук деп аталатын сору түтігін бірнеше адам пайдалануы ықтимал. Сондай-ақ қорқорды бүгін бір адам шексе, ертең басқа адам шегеді. Менің ойымша, қорқорды сататын орын оны дұрыс жумайды. Салдарынан адамға сілекей арқылы таралатын гепатит, герпес, туберкулез сияқты жұқпалы аурулардың таралу қаупі артады", - дейді дәрігер.

Сөз соңында Гүлмира Сағатова қорқор көңіл көтерудің бір түрі болғанымен, оның салдары болатынын естен шығармау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жағымсыз әдетке атүсті қарау орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.