НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек — Sputnik. Sputnik Қазақстан командасы Astana Marathon 2019 аясында он километрлік қашықтықты жүгіріп өтті. Елордадағы ауқымды марафонға 24 елден бес мыңнан астам адам қатысты.
Жексенбі күні таңертең кәсіпқойлар мен әуесқойлар Astana Marathon басталатын орынға жиналды.
Олардың қатарында Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, сондай-ақ Sputnik Қазақстан командасы: Юлия Кузнецова, Дәурен Ерболатов, Абзал Қалиев және Марғұлан Мұқанов болды.
"Биыл екі қашықтық болды: 42 шақырым 195 метр және он шақырым. Біз "ондыққа" жүгірдік. Менің сағатым бойынша, қашықтықты 52 минут 36 секундта жүгірдім. Қашықтық еш қиындық тудырмады, жол жақсы және ауа-райы тамаша! Марафонның ұйымдастырылуы ұнады. Көп адам түсінбеуі мүмкін, бірақ біз үшін, желаяқтар үшін бұл үлкен мереке!",- деп атап өтті Юлия Кузнецова.
Дәурен Ерболатов он шақырымдық қашықтыққа алғаш рет жүгірді. Ол Astana Marathon-ға жаз бойы дайындалыпты.
"Менің нәтижем – шамамен бір сағат он минут. Оны орташа деп бағалаймын. Мен үшін бұл үлкен жетістік, жаз бойы дайындалдым, аптасына екі реттен екі-төрт шақырымға жүгірдім. Соңғы жаттығуда 13 шақырымды бір сағат 17 минутта жүгіріп өттім. Сегізінші километрде ентігіп қалдым, бір минут демалып алуға тура келді", - деп атап өтті Sputnik Қазақстан тілшісі.
Марафонға қатысушылардың арасында Өрмекші адам да болды.
Елордадағы марафон күні кейбір көшелерде көлік қозғалысы тоқтатылып, 56-автобустың бағдары өзгертілді.
Қайырымдылық жасауды көздейтін Astana Marathon 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде әртүрлі қазақстандық қайырымдылық ұйымдары үшін жалпы сомасы 37 миллион теңгеден (97 мың доллар) астам қаржы жиналды.