ҚАРАҒАНДЫ, 8 қыркүйек — Sputnik. Қарағанды облысында бұған дейін ұрланған баланың мәйіті табылды.
Бала Бұрма ауылында 5 қыркүйек күні жоғалды, оны анасының танысы ұрлап кеткен. Бірнеше сағат бұрын баланың мәйіті бұтаның арасынан табылды, деп хабарлады еріктілер.
Іс бойынша басты күдікті – баланың анасының танысы, олар бұрын көңіл қосқан екен.
Әйел қайта қосылғысы келмеген соң, еркек өш алуды ұйғарған. Ол баланы куәгерлердің көз алдында ұрлап әкетіп, кейін ізін жасырған.
Іздеуге 200-ден астам адам жұмылдырылды, алайда нәтиже болмады.
Тағы оқыңыз: Алматыда балабақшадан бала ұрламақ болған әйел ұсталды – фото
Бүгін таңертең ауылдан баланың мәйіті табылғаны белгілі болды, бала ұрланған жерге жақын маңдағы бұталардың арасында жатқан.
Баланың мәйітінде көзге көрінетін жарақат жоқ. Өлімнің алдын ала себебі – буындыру.
Елді мекенде 250 адам тұрады, жергілікті тұрғындар да іздеу жұмыстарына атсалысты, олардың айтуынша, ауылды түгел қарап шыққан.
Полиция департаменті күдіктіні іздеп жатыр.