Қоғам

"Миға ірің шабады": дәрігер ешкім елемейтін сырқаттың аса қауіпті екенін айтты

Тәжірибелі маман мұрын бітіп ауырған кезде бірден дәрігерге қаралу қажет екенін айтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik, Дәурен Ерболат. Медицина ғылымдарының кандидаты, лор-хирург Гүлмира Сағатова Sputnik Қазақстан тілшісінің мұрын мен құлақты қалай тазалау қажет, гайморит ауруы несімен қауіпті және музыка тыңдайтын құлаққапты қалай таңдау керек деген сауалдарға жауап берді. 

Қандай аурулар жиі кездеседі

Гүлмира Сағатова медицина саласында 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ұзақ жылдар бойы Алматы қаласында еңбек етіпті. 2010 жылы отбасымен бірге астанаға көшіп келген. Бүгінде қаладағы жеке клиникада істейді. Маман сырқат түрінің өңірге де байланысты екенін айтады.

"Аурудың түрі әр облыста әртүрлі болып келеді. Мысалы, астанада мұрын, мұрын қуысы аурулары жиі кездеседі. Оларға гайморит, синусит, франтит, этмоидит дерті жатады. Алматыда ауа-райы ылғалды ғой. Онда науқастардың 80%-інде аллергиялық ринит бар", - дейді дәрігер.

Мұрын спрейін жиі пайдалану несімен қауіпті

Маман науқастарға мұрын спрейін пайдалануға кеңес бермейтінін, оны жиі пайдалану тәуелділікке әкелетінін атап өтті. Оның пікірінше, спрей адам денсаулығына кесірін тигізуі мүмкін.

"Миға ірің шабады": дәрігер ешкім елемейтін сырқаттың аса қауіпті екенін айтты

"Мұрын спрейін жиі пайдалануға болмайды. Мұрынға арналған кез-келген спрейлерді: нафтизин, ксимелин, галазолинді 7-10 күн пайдалану керек. Екі күнде бір рет. Ары қарай пайдалануға болмайды. Егер сіз 10 күннен артық мұрыныңызға спрей тамызсаңыз, иіс сезу қабілетінен айырыласыз әрі тәуелділік пайда болады. Нашақор сияқты тәуелді боласыз. Басыңыз ауырып, гайморит, полип (ісік) пайда болады. Тіпті, әтірдің, тамақтың иісін сезуден қаласыз", - дейді Гүлмира Сағатова.

Жиырма жыл бойы тәуелді болған

Ол нафтизин мен ксимелинді пайдаланбау керектігін айтты. Дәрігер бұл спрейге адам бірден тәуелді болатынын тілге тиек етті. 

"Бүгін маған мұрын спрейіне тәуелді пациенттер келіп қаралды. 12-20 жыл мұрын спрейін пайдаланған. Оларға тәуелділіктен арылуға көмектесіп жүрмін. Бұл адамдар өз өмірін спрейсіз елестете алмайды. Оның ішінде әйелдер де, еркектер де, балалар да бар. Менің тәжірибемде 12 жыл мұрын спрейін үздіксіз пайдаланған бала да болды", - дейді маман.

Музыканы қандай құлаққаппен тыңдау керек

Гүлмира Сағатова өзіне түнгі клубта жұмыс істейтін диджейлер, құлаққаппен музыка тыңдайтын жастар келетінін айтады. Барлығының есту қабілеті төмендепті. Себебі, олар ұзақ уақыт бойы музыканы құлаққаппен тыңдаған.

Тағы оқыңыз: Мүлдем ішпеу керек: дәрігер адам үшін аса қауіпті сусынды атады

"Бүгінде жастар кішкентай құлаққаппен музыка жиі тыңдайды. Бұл адамды есту қабілетінен айыруы мүмкін. Алғашында пациент не болғанын байқамайды. Бір жылда немесе 5-10 жылдан соң, адам есту қабілетінің төмендегенін байқауы мүмкін. Үлкен құлаққаппен музыка тыңдауға болады. Бірақ кішкентай құлаққаппен музыка тыңдауға кеңес бермес едім. 90, 120 немесе одан жоғары децибелмен музыка тыңдау адамның есту жүйесіне зиянын тигізеді. ", - дейді дәрігер.

Уақытында дәрігерге қаралған жөн

Маман мұндай жағдайда пациент бірден лор-дәрігерге қаралуы тиіс екенін ескертті. Себебі, уақытты жіберіп алу, орны толмас өкінішке әкелуі әбден мүмкін.

"Біз кейбір пациенттерге есту қабілетін қайтардық. Ал кейбіріне уақыт өткізіп алған. Егер науқас уақытында дәрігерге келсе, онда біз көмектесе аламыз. Ал енді уақыт өткізіп, 15-20 айдан кейін келсе, дәрменсізбіз. Есту жүйесін қалпына келтіре алмаймыз. Сондықтан уақытты жіберіп алмау маңызды", - дейді Гүлмира Сағатова.

Мұрын тазалығын сақтау

Дәрігер тіс жуған сияқты, таңертең және кешке мұрынды таза сумен жуу керектігін айтты. Тәжірибелі маман адам мұрынмен демалса, тұмау, ОРВИ, жұқпалы аурулармен ауырмайды деп отыр. Дәрігер мұрынға шабдалы және зәйтүн майын жағу да артық етпейді дейді. Ол микробтармен күресуге мүмкіндік береді екен. Сондай-ақ Гүлмира Сағатова мұрындағы қылшықты алмауға кеңес берді.

"Пинцетпен немесе триммермен мұрындағы қылшықты алу қауіпті. Мұрында және құлақта қылшық болуы керек. Ол адамды инфекциядан, бассейнде шомылған кезде хлордан қорғайды. Кейін фурункул ауруы пайда болып, менингитке асқынуы мүмкін. Салдарынан миға ірің шабады. Адам өмірі үшін маңызды тамырлар мұрынға жақын орналасқан", - дейді ол.

Сондықтан Гүлмира Сағатова мұрындағы қылшықты тамырымен жұлмай, кішкентай қайшымен алу керектігін айтты. Оның пікірінше, бұл – ең қауіпсіз тәсіл.

Гайморитті дер кезінде емдеу керек

Сонымен қатар лор адам гайморит ауруын емдемесе, ол асқынып, менингит болады дейді. Дәрігер бұл жағдайда адамның өзім білемділікке салынуының салдары өкінішті болатынын айтты.

"Миға ірің шабады": дәрігер ешкім елемейтін сырқаттың аса қауіпті екенін айтты

"Қазір жастар таңертең басын жуады да, шашын дұрыс кептірместен далаға шығып кетеді. Салдарынан гайморит пайда болады. Ол асқынып менингитке айналады. Ауру 1-2 сағаттың ішінде асқынуы мүмкін. Мысалы, Алматыда студент шашын дұрыс кептірместен университетке барып жүрген. Салдарынан ауырып, ауруханаға түсті. Кейін жансақтау бөліміне жатқызылды. Соңында жас жігіт қайтыс болды. Бұл менің тәжірибемде болған оқиға", - дейді лор.

Құлақты қалай тазалау керек

Гүлмира Сағатова соңғы кездері құлақты мақта таяқшаларымен тазалау сәнге айналып кеткенін тілге тиек етті. Дәрігердің пікірінше, бұл құлаққа зиянын тигізеді.

"Құлақта құлық болуы керек. Ол құлақтағы дабыл жарғағын инфекциядан қорғап тұрады. Сіз тамақ жейсіз, шайнайсыз сол кезде ол өзі түсіп қалады. Бұл – табиғат заңдылығы. Көптеген адам құлықты ұнатпайды. Сондықтан тазалайды. Құлақты тек бас бармақпен тазалауға болады. Саусақты, таяқшаны кіргізіп, тазалауға болмайды. Онда нәзік тері бар. Оны жиі тазаласаңыз, зақым келуі мүмкін. Онда сіз менингит ауруымен ауруыңыз мүмкін. Іріңді атит және іріңді менингит пайда болады", - дейді дәрігер.