НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik. Қарағанды әкімдігінің қызметкері көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге арналған қаржыдан 1,6 миллион теңге жымқырған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"25 шілдеде "Қарағанды қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ әлеуметтік төлемдерді тағайындау жөніндегі секторының бас маманы Ж. Смағұлова 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, атаулы әлеуметтік көмек төлеуге өтінім берген кезде басқа анкеталық деректің орнына өзінің жеке деректемелерін көрсеткен және жәрдемақыны алып отырған", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров.
Смағұлова барлығы 1,6 миллион теңге жымқырған, бұл қаражат әлеуметтік жағынан осал 10 отбасыға АӘК ретінде берілуі тиіс болған.
Үкім сотталушының баласы 14 жасқа толғанға дейін 5 жылға кейінге шегерілгені хабарланды.
"АСП деген пәле болды": 21 мың теңге алған әйелдер не істерін білмей жылап отыр
Айта кетсек, осы жылдың 1 сәуірінен бастап елімізде АӘК көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50%-нен 70%-не дейін көтеріліп, 20 789 теңгені құрады. Нәтижесінде жәрдемақы алушылар саны 571,6 мың адамнан 830 мың адамға дейін өсті. Бұл ретте, егер АӘК-тің орташа мөлшері бұрын отбасының әрбір мүшесіне 4 834 теңгені құраған болса, енді әр балаға 20 789 теңге төленеді.