НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik. "Альтернатива" өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев Қазақстандағы билік транзитіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Саясаттанушының айтуынша, бүгінде Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасты. Өзінің Конституциясы, парламенті, егемендігі және тағы басқа атрибуттары бар. Алайда 90-шы жылдардан бастап барлық саяси жүйе бір адам – тұңғыш президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ыңғайына қарай жасалды.
Тағы оқыңыз: Иманғали Тасмағамбетов неліктен президент бола алмайды – саясаттанушы пікірі
"Ол кетті, бірақ кетпеген сияқты. Біз әріптестерден сұрадық. Бұл қос билік пе? Жоқ па? Олардың ойынша, бұл – қос билік. Ал саяси биліктің конфигурациясы жайында айтқанда қос билік деп айтуға болмайды. Сонда олар тең дәрежедегі әріптес пе? Жоқ, әлде біреуі екіншісіне бағына ма? Біреуі президент, ол – Қасым-Жомарт Тоқаев, ал екіншісі – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев. Ол Қауіпсіздік кеңесін және Nur Otan партиясын басқарады. Сонда ол да билікке әсер ете алады", - деді Чеботарев астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан инерциямен дамыса да, жүйе сол күйінде қалды. Себебі тұңғыш президенттің лауызымы өзгергені болмаса, өзі ешқайда кеткен жоқ.
"Негізі, посткеңестік елдердің ішінде Қазақстан бірінші болып билік транзитін бастады. Шын мәнінде, билік әлі ешкімге ауысқан жоқ. Иә, президент бар. Ол сайлау арқылы билікке келді. Алайда "Елбасы" деген фактор бар. Мемлекеттік биліктің түсініксіз конфигурациясы бар. Демек, транзит әлі аяқталған жоқ. Меніңше, бір президент болғанда, оның үстінде басқа буын тұрмағанда ғана билік транзиті аяқталады", - деп атап көрсетті Чеботарев.