НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мейрамбек Бесбаевты қызметке тағайындады. Танымал әнші енді әкімнің штаттан тыс кеңесшісі болады. Бұл туралы Алматы әкімі өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
"Бүгін, Мейрамбек Бесбаевты мәдениет саласы бойынша штаттан тыс кеңесшім етіп тағайындадым", - деп жазды Сағынтаев.
Мейрамбек Бесбаевтың жолы
Мейрамбек Бесбаев – қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, "Музарт" тобының солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 1976 жылдың 7 қарашасында Жамбыл облысы Талас ауданында туған. Тараз қаласындағы №37 қазақ орта мектебінде оқыған. Содан соң осы қаладағы Глинка атындағы музыкалық мектептің қобыз сыныбын тәмамдаған. 1989 жылы Алматыдағы К. Бәйсейітова атындағы музыкалық мектепке ауысады. 1994-1998 жылдар аралығында Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының драма, кино, актер факультетін бітірген.
Отбасы
Мейрамбек отбасында үш ағайынды. Үйінің тұңғышы, өзінен кейін Айнұр, Гүлнұр есімді екі қарындасы бар. Әкесі – Әбіләшім Бесбаев, анасы – Жібек Жолдасова. Әнші ата-әжесінің қолында тәрбиеленген.
Әнші 2004 жылы отау құрды. Ол өзінен он жас кіші Мархабат есімді аруға үйленген. Бүгінде ерлі-зайыпты Кәусар және Әбухайыр есімді екі бала тәрбиелеп отыр.