Өңірлер

Қар жауып, күн суытады – синоптиктер қыркүйек айына болжам жасады

Айдың басында жауын-шашын жауып, күн бұлттанады. Алайда синоптиктер ауа райы әлі жылы болады деп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 тамыз — Sputnik. Қазгидромет күздің бірінші айында ауа райы қандай болатынын хабарлады.

Қыркүйек айының басында арктикалық ауа массасы әсерінен елдің солтүстік-батысы мен орталығында күн бұлтты болады. Жауын-шашын жауып, жел күшейеді. Түнде 1-6 градусқа дейін суытады. Күндіз орташа ауа температурасы - 7-15 градус. Батыс пен орталықта 22 градусқа дейін жылы болады деп күтіліп отыр.

Оңтүстік пен шығыста қыркүйек айында жаңбыр көп жауады. Ауа температурасы біраз салқындайды. Түнде 7-12 градус, күндіз сынап бағаны 18-25 градусқа дейін көтеріледі. Алайда қыркүйек айында, негізінен, күн ашық әрі жылы болады. Күндіз 25-33 градус ыстық күтіліп отыр.  

Қар жауып, күн суытады – синоптиктер қыркүйек айына болжам жасады

Метеорологтар күздің бірінші айында солтүстікте  екі рет күн суытатынын(қар аралас жаңбыр) айтып отыр. Бірінші толқыны айдың ортасында болады. Ал екінші рет күн үшінші онкүндікте суытады. Қалған уақытта ауа температурасы 15-25 градус шамасында.

Қыркүйек айындағы орташа ауа температурасы елдің басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады. Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында нормадан 1 градусқа жоғары. Ал Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарында нормадан 1 градус төмен.

Айлық жауын-шашын мөлшері де нормаға сай. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында нормадан аз болады.