Саясат

Тоқаев жолдауда не туралы айтады - сарапшылар болжам жасады

Келесі аптада Қазақстан президенті халыққа жолдау арнайды. Белгілі саясаттанушылар Тоқаевтың не айтатыны туралы болжам жасады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 тамыз – Sputnik. Алдағы дүйсенбі, 2 қыркүйекте Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа алғашқы жолдауын арнайды. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген саясаттанушылар жолдаудың негізгі тұстарына тоқаталды. Мемлекет басшысының жолдауынан халықтың не күтетінін де айтып берді.

"Жолдау реалистік сипатта жазылуы қажет"

Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, президент жолдаудың мазмұндық жағын өз анонсында көрсетті. Бірақ бүгінде қоғамды алаңдатып отырған нақты екі бағыт бар. Біріншісі - экономикалық жағдай. Бүгінде санкциялық соғыстардың салдарынан қиыншылықтар туындауы мүмкін деген болжам көп. Ал Қазақстанның экономикасы оған дайын ба? Мемлекеттік аппараттың әлеуеті жете ме? Жоқ па? Осы сұрақтардың жауабы қажет. 

Екінші бағыт – саяси реформалар. Себебі алдағы бір жарым жылдың ішінде Қазақстанда үлкен үш сайлау науқаны өтеді. Соның алдында белгілі бір саяси реформаларды өткізіп, заңдарды өзгерту керек.

"Қоғамның ішінде, саяси таптың ішінде осы реформалардың бағыт-бағдары бойынша консенсус бар сияқты. Жалпы, реформа керек. Ал оның тереңдігі, оның мән-мазмұны қандай болады? Оны талқылау қажет. Президент оған қандай баға береді? Осыған қатысты қоғам ішінде үміт те, пессимизм де, негативизм де бар", - дейді Сарым.

Сарапшының ойынша, жолдау реалистік сипатта жазылуы шарт. Ал оның ішінде шынайы мәселелер көрініс тапқаны жөн.

Тағы оқыңыз: Тоқаев 2 қыркүйекте қандай мәлімдеме жасайды - саясаттанушы пікірі

"Бір жағынан стильдік өзгерістердің керек екені анық. Меніңше, биік әңгімелерден гөрі нақты мемлекетті, қоғамды, мемлекеттік аппаратты іскерлік арнаға бұратын стиль болса деп отырмыз. Ғасырлар бойы шешендік өнері жағынан мақтанып жүретін жолдаудан гөрі нақты құжаттың болғаны дұрыс сияқты", - деп атап көрсетті Сарым.

10 бастама қайталана ма?

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаевтың ойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімі кезінде жариялаған 10 басым бағыттың аясынан шықпайды.

"Жолдауда тағы сол бастамалар туралы айтылатын сияқты. Соны басқаша формада айтуы да мүмкін. Естеріңізде болса, 10 мақсат-міндеттің 90 проценті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қамтыды. Иә, жемқорлықпен күрес, сот пен ішкі істер жүйесін өзгерту жайы сөз болды. Дегенмен, саяси реформалар туралы ештеңе айтылмады", - дейді Сәтпаев.

Тағы оқыңыз: "Бізге сын": Тоқаев жаңа тапсырмалар берді

Оның айтуынша, "Nur Otan" партиясының соңғы отырысында саяси жүйеде көп өзгеріс болмайтыны анық байқалды. Партия төрағасы да бір саяси ұйымды күшейтіп, соған басымдық беру керектігін жеткізді.

"Енді Тоқаевтың саяси тұрғыда маневр жасайтын жері көп емес. Былай ғой, егер ішкі саясат саласындағы монополия түңғыш президентке тиесілі болса, Тоқаевқа имиджді көтеру үшін әлеуметтік саланы беруі мүмкін. Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеу, кредитін өтеу, мұғалімдердің еңбекақысын көтеру сияқты шаралардың аясынан шыға алмайды. Дәл осы сегментте жұмыс істейді. Меніңше, бүгінде көбісі Тоқаевтан бұған дейін айтылған 10 бастаманы қайталауды емес, жолдауға саяси контекст те қосатынын күтіп отыр. Ал саяси реформалардың болмауынан көптеген әлеуметтік-экономикалық реформа тежеліп тұр", - деді Сәтпаев.