Саясат

Беларусь президенті Тоқаевтың қандай адам екенін ашық айтты

Лукашенко Ермұхамет Ертісбаевтан Қазақстан басшысына сәлем жолдады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 тамыз – Sputnik. Беларусь президенті Александр Лукашенко Қазақстанда өткен кезектен тыс президент сайлауына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан мемлекет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

Лукашенко жуырда өткен президент сайлауы мен күрделі саяси кезең қазақ халқына пайдасын тигізетініне сенім білдірді. Ол Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жақсы таныс екенін атап өтті.

"Өте адал, білімді адам. Мен оны қатты құрметтеймін. Біздің қарым-қатынасымыз жақсы болады, Қазақстан мен Беларусьтің ынтымақтастығы да осы арнада дамиды", - деді Лукашенко Беларусьте дипломатиялық миссиясын аяқтап жатқан Қазақстан елшісі Ермұхамет Ертісбаевпен кездесуінде.

Лукашенко Ертісбаевтан Қазақстанға барғанда, Тоқаев пен ескі досы Назарбаевқа ізгі тілегін жеткізуді өтінді.

Ол Ермұхамет Ертісбаев мәңгілік Беларусьтің досы болып қалатынына сенімді екенін айтты.  

Сондай-ақ, Лукашенко Беларусь пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

"Қазақстанмен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Оны тек Беларусьтің Ресеймен арадағы қарым-қатынасымен салыстыруға болады. Бұл екі ел Беларусьпен бірге үнемі халықтар арасындағы достық байланыстың бастамашысы болды, әсіресе Кеңес одағы ыдырағаннан кейін", - деді президент.

Тағы оқыңыз: Тоқаев туралы не білеміз: президентпен ашық сұхбат – видео

Лукашенко Беларусь пен Қазақстан екіжақты қарым-қатынастың жол картасын бекітетінін айтты.

"Жақын арада Қазақстанға бару мүмкіндігі туады деп ойлаймын. Сол уақытта өзара қарым-қатынастың барлық мәселесін талқылаймыз. Біз кезінде қазіргі президент Тоқаев мырзамен асықпауға уағдаласқан едік: екіжақты қарым-қатынасты байыппен қайта қарап, жол картасын әзірлейміз. Бұл құжатты Нұр-Сұлтанда бекітеміз", - деді ол.