Экономика

Дәленов Қазақстанның бес жылға арналған даму болжамын таныстырды

Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 2020 жылы 4,1% деңгейінде болжанып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов елдің 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Үкімет сыртқы факторлардың өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасы дамуының ықтимал үш сценарийін қарастырған. Болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастыру үшін базалық сценарий негізге алынды. Мұнай бағасы 55 доллар деп көрсетілген.

"Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 2020 жылы 4,1% деңгейінде болжанып отыр. 2024 жылы ол 4,7%-ке жетеді. Орташа жылдық өсу қарқыны бес жылда 4,4%-ті құрайды", - деді министр үкімет отырысында.

Айтуынша, салалық бөліністе негізгі өсім шикізаттық емес секторға тиесілі болады. Бұл өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы және құрылыс. Бұл салалардың орташа өсімі 4,7%-ті құрамақ.

"2020 жылы мұнай өндіру көлемі 90 миллион тоннаға, 2024 жылы 100 миллион тоннаға дейін өседі", - деді Дәленов.

Мұнай өндіру көлемі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, сондай-ақ теңіздегі кен орындарын пайдалануға беру есебінен артады.

Номиналды жалпы ішкі өнім 2020 жылы 75 триллион теңгені, ал 2024 жылы - 106 триллион теңгені құрайды. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2020 жылы 10,5 мың долларды құраса, 2024 жылы ол 14,3 мың долларға дейін ұлғаяды.

Тағы оқыңыз: Министр Дәленов отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді

"2020-2021 жылдары инфляцияның жылдық нысаналы дәлізі 4,0-6,0% деңгейінде сақталады. Ал 2022-2024 жылдары 3,0-5,0% шегінде болады. Жұмыссыздық 2024 жылы 4,7%-ке дейін төмендейді", - деді министр.

Осы параметрлерді есепке ала отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2020 жылы 12,7 триллион теңге, 2021 жылы 13,2 триллион теңге, 2022 жылы – 13,6 триллион теңге көлемінде белгіленді.