Мәдениет

Танымал ресейлік жүргізуші Димашты әлемнің жаңа секс-символы деп атады - видео

"Новая волна" конкурсының ашылу салтанатында Димаш Құдайберген екі ән орындады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз — Sputnik. Димаш Құдайберген Сочиде "Новая волна" жас таланттар конкурсын "Olympic" әнімен ашты.

Димаш Игорь Крутой жазған әнді композитордың сүйемелдеуімен орындады. Сондай-ақ Игорь Крутой академиясының хоры, Сочи симфониялық оркестрі және Сочи қаласының жастар хоры қолдау көрсетті.

"Димаш Құдайберген – Ресей, Қытай және әлем эстрадасының жаңа секс-символы", - деп таныстырды Димашты ән орындалып болған соң конкурстың жүргізушісі Андрей Малахов.

Конкурстың ашылу салтанатында Димаш Құдайберген тағы бір шығарма – "Mademoiselle Hyde" әнін шырқады.

"Бүгін Сочидегі бүкіл гүл Димаш үшін сатып алынған секілді", - деді жүргізуші гүлдің астында қалған Димашқа қошемет білдіріп.

Айта кетейік, "Новая волна" жас таланттар халықаралық конкурсы Сочи қаласында 24-29 тамыз аралығында өтеді. Димаш Құдайберген конкурс аясында өтетін Игорь Крутойдың мерейтойлық кешінде және байқаудың жабылу салтанатында өнер көрсетеді деп жоспарланып отыр.

Конкурста әлемнің 13 елінен келген жас әншілер сынға түседі.