Қоғам

Мектепке дайындық: әкім 30 мың теңгеге не сатып алуға болатынын есептеп берді

Елорданың тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан оқушыларға мектеп формасы мен аяқ киім сатып алу үшін 30 мың теңгенің сертификаты беріледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мемлекет тарапынан тұрмысы төмен отбасыларға қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әкімнің айтуынша, биыл "Мектепке жол" акциясы аясында 12 мың оқушыға әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Былтыр 1700 бала мемлекеттен көмек алса, осы жылы көмекке мұқтаж оқушылар саны 9 мыңды құраған.

Тағы оқыңыз: Назарбаев мемлекеттен көмек сұрайтындарға жауап берді

"Бір жарым ай ішінде мен өзім үш жүзден аса адамды қабылдадым. Сол кезде ата-аналар маған мектеп формасының сапасына шағымданды. Айтуларынша, киімнің сапасы нашар, оның үстіне тиісті өлшемдері жоқ. Бізде қалай: жыл сайын конкурс өткіземіз, ашық конкурс болғандықтан, оған бәрі қатыса алады. Сол кезде кейбіреулері төмен бағамен, яғни демпингпен жеңіске жетеді. Өкінішке қарай, бизнесмендердің барлығы сапа туралы ойлай бермейді ғой. Артық ақша табуды ойлайды. Сондықтан ата-аналар "сапасыз киім әпергенше, мүлде әпермеңіздер" деп шағымданды", - дейді қала басшысы тамыз конференциясында.

Ата-аналардың шағымынан кейін әкімдік тұрмысы төмен отбасылардың оқушыларын киіндіру үшін 30 мың теңгенің сертификатын беруді ұйғарған. Енді ата-аналар балаларына киімді өздері таңдап сатып алады.

"Ата-аналардың өтінішін ескеріп, биыл "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мәселені шешуге көштік. Мектеп формасын тігетін отандық фабрикаларды іріктеп алдық. Отандық өндірушілер де сапалы киім тігуді үйренді. Бұл бізді қуантады. Енді ата-аналардың қолына сертификат береміз, олар сол дүкендерге барып, киім-кешекті таңдап сатып алады. Ата-аналардың келісімімен осындай жүйеге тоқтадық", - деді ол.

Тағы оқыңыз: "Тізімі жасалды": әкімдік 21 мың теңге алған отбасыларды сотқа беруі мүмкін

Көлгіновтің айтуынша, бір оқушыға мектеп формасы мен аяқ киімді сатып алуға 30 мың теңге жетеді.

"Біз сол дүкендерге барып, бағаны қарап шықты. Мәселен, бір костюм-шалбар көйлегімен бірге 20-22 мың теңге тұрады, қыздарға да сондай бағада. Аяқ киім 9-10 мың теңге. Сосын біз кәсіпкерлерге өтініш айттық: тұрмысы төмен отбасылармен бір-екі мың үшін саудаласпай, бағаны түсіріңіздер деп. Олар келісті. Мысалы, бір үйде екі-үш бала мектепке барады, үш баласы барса, 90 мың теңге алады. Төрт бала болса, 120 мың теңге алады. Сол үшін бұл жақсы көмек деп есептейміз", - деді әкім.

Көлгінов тұрмысы нашар ата-аналарға да көмек көрсетілетінін айтты.

"Балаға дұрыс тәрбие беру үшін жақсы жұмыс істеу керек. Жұмыспен қамтуға біз де көмектесеміз. Өкінішке қарай, тұрмысы төмен азаматтардың дипломдары жоқ. Сондықтан біз оларды қайта оқытамыз. Сосын жұмысқа орналастырамыз. Мемлекет өзіне тиесілі әлеуметтік қолдауды әрқашан көрсетіп жүр. Бұрын-соңды болмаған үлкен қолдау болып жатыр", - деп сөзін түйіндеді ол.

Тағы оқыңыз: 21 мың теңгенің жыры: жалғызбасты ана екі баласын әкімдікке тастап кетті