Қоғам

Нұр-Сұлтанда белді университеттің лицензиясы уақытша тоқтатылды

Университет анықталған кемшіліктерді 1 қыркүйекке дейін жоюы тиіс
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі "Астана" университетіне жүргізілген тексерістің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Жоспардан тыс тексерістің нәтижесінде білім беру ұйымында қолданыстағы талаптарға сәйкес келмеген мәселелер анықталды. Университетке қабылдау ережелері, студенттерді ауыстыру және қайта қабылдау тәртібі, емтихан өткізу және емтихан сессиясының қорытындысы бойынша құжаттар жүргізу тәртібі бұзылған, сонымен қатар аралық бақылау жүргізу кезінде академиялық саясат сақталмаған", - делінген министрліктің ресми хабарламасында.

Тексеру кезінде әкімшілік іс қозғалды. Соның негізінде айыппұл салу және университеттің лицензиян тоқтату туралы шешім шығарылды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.

"Сонымен қатар, университетке 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін анықталған барлық бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Нұсқама орындалмаған жағдайда іс сотқа жіберіледі", - дейді министрлік өкілдері.

Тағы оқыңыз: "Таразда кездесейік деді": студент қызды алдап соққан декан ұсталды

Айта кетейік, мұндай тексеріс Шымкент қаласының аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде өткізілген болатын. Жоғары оқу орындарына қойылатын 78 талаптың 63 талаптың бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, сабаққа іс жүзінде қатыспаған студенттер сынақ-емтихан сессиясына жіберілген. Олар университетке ақы төлеп, сессияға жолдама алды.

Сондай-ақ, осы жоғары оқу орны министрлікке түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі туралы жалған мәлімет берген. Мысалы, өткен жылы университет түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі 34,4% болған. Ал университеттің ресми есептерінде көрсеткішті 71,3% деп жазылған.