Оқиға

Жедел жәрдем қызметіне шабуыл жасалды: Нұр-Сұлтандағы оқиғаның мән-жайы

№10 қалалық емхананың жедел жәрдем қызметіне биыл осымен екінші рет шабуыл жасалып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтанда ер адам жедел жәрдем қызметіне шабуыл жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оқиға таңғы сағат 03:15-те болған. Шақыртудан келе жатқан жедел жәрдемнің кезекші бригадасын екі ер адам тоқатып, жолда жаралы адам жатқанын, оған медициналық көмек қажет екенін айтады.

"Ер адам жаяу жүргіншілер өтетін жолдың бөлігінде жатқан. Оның бет-аузы қан, басы жарақаттанған. Ерні де жарылған. Оның жанында досы болды. Екеуі де мас. Фельдшерлер алғашқы көмек көрсете бастаған кезде ол "Сендер кімсіңдер?" деп айғайлап, дөрекі мінез көрсетті", - дейді №10 қалалық емхананың жедел медициналық көмек бөлімінің меңгерушісі Күнзипа Смайылова.

Жедел жәрдем қызметіне шабуыл жасалды: Нұр-Сұлтандағы оқиғаның мән-жайы

Айтуынша, ер адам екі фельдшерге тиіспеген, бірақ ол ашуға ерік беріп, жедел жәрдем қызметінің көлігін тепкілей бастайды. 

"Сабырға шақырмақшы болған жүргізушіге басбұзар қарсы ұмтылып, бірнеше рет жұдырықпен ұрады. Тіпті, тәртіп бұзушы көліктің ішіне кіріп, оны оталдыруға тырысады. Бірақ оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, оны қамауға алды", - дейді бөлім меңгерушісі.

Жедел жәрдем қызметінің жүргізушісі жеңіл бас жарақатын алған. 

"Жүргізуші 30 жастан асқан. Басына зақым келді. Жеңіл дене жарақатын да алды. Бірақ қазір оның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдайы жақсы", - деді дәрігер.

Ол осыған ұқсас жағдай өткен аптада болғанын жеткізді. Қаладағы пәтерлердің біріне балаға медициналық көмек көрсетуге келген жедел жәрдем қызметіне оның әкесі тап берген.