Экономика

Қазақстан мен Ресей өнім тасымалдау жөнінде келісімге келді

Екі ел өзара өнім тасымалдауға қойылған шектеулерді алып тастаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз — Sputnik. Ресейдің Федералды ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау қызметі бұған дейін Қазақстанның бес кәсіпорнына Ресейге өнім тасымалдауға қойылған шектеуді алып тастады. Қазақстан өз кезегінде ресейлік кәсіпорындарға қойылған шектеудің күшін жояды.

"Федералды ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау қызметі 2019 жылдың 21 тамызынан бастап Қазақстанның бес кәсіпорнына – "Өскемен құс фабрикасы", "ADM Investment", "Ордабасы-құс", "Париж коммунасы ХХ1" және Kazakh Osseter – Ресейге өнім тасымалдауға қойылған шектеуді алып тастады", - делінген ресми хабарламада.

Компаниялар құс еті мен жұмыртқа, қызыл ет және қызыл балық өндірісімен айналысады.

Тағы оқыңыз: Қазақстан мен Ресей шекараға қатысты мәселелерді келісті

Ресей мен Қазақстанның құзырлы ведомстволары арасында 15-16 тамызда өткен видео конференциялар нәтижесіндегі өзара келісім мен қазақстандық тараптың ұсынған кепілдемесіне байланысты осындай шешім қабылданған.

"Сонымен қатар Ресейдің Федералды ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау қызметі хабарлағандай, қазақстандық тарап ЕАЭО талаптарын бұза отырып, бес ресейлік кәсіпорынға қатысты заңсыз енгізген шектеулерді алып тастайтын болды", - делінген хабарламада.

"Приосколье", "Алтайский бройлер" құс етін өндірушілер мен "Расковский молзавод" сүт өнімдері компаниясы, "Микояновский мясокомбинат" және "ЕвроЭМ" ет өндірушілер, сондай-ақ "ФинИнвест" ААҚ Қазақстанға өнімдерін тасымалдайтын болады.