Әлем

Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі қазақстандық студенттер туралы мәлімет берді

Ресейде әрбір төртінші шетел студенті – Қазақстан азаматы
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз — Sputnik. 2019 жылдың алғашқы жартысында Ресейге Қазақстаннан 60 мыңға жуық студент оқуға барған.

Федералды қауіпсіздік қызметінің шекара қызметі берген мәлімет бойынша, биыл жыл басынан бері Ресейге білім алу үшін 181,5 мың адам келіпті. Олардың төрттен бірі – Қазақстан азаматтары (59,3 мың адам). Қытайдан келген студенттер саны – 21,2 мың, өзбекстандықтар – 14 мың, украин студенттері – 13,7 мың, деп хабарлайды  РБК.

Тағы оқыңыз: Ресейге Қазақстаннан таланттарды тартудың қажеті жоқ - Путин

Ал 2018 жылдың басында Ресейде 274 мың шетел студенті біліп алған екен. Ресей Федерациясының білім министрлігінің мәліметінше, студенттер саны бойынша бірінші орынды Қазақстан иеленді (65,6 мың), екінші орынды  — Түрікменстан (27,4 мың), үшінші орынды  — Өзбекстан (25,7 мың), төртінші орынды — Қытай (18,3 мың).

Қазақстанның ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті деректеріне сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанға білім алуға 9,8 мың шетел студенті келді. Білім алушылардың басым көпшілігі – Өзбекстан азаматтары (69,9 мың), одан кейінгі орында Түрікменстан (1,34 мың), Үндістан (812), Қырғызстан (751) және Ресей (466).