НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкімет басшысы Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлайды Елбасының ресми сайты.
Кездесу барысында биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев Арыс қаласының әлеуметтік маңызды нысандары мен тұрғын үйлерін қалпына келтіру процесіне, сондай-ақ Түркістанды дамыту шараларына ерекше назар аударды.
Тағы оқыңыз: Назарбаев еліне жаны ашитын қазақстандықтарға үндеу жасады
Сонымен бірге кездесуде ұлттық экономикаға шетел капиталын тарту және өңірлердегі инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері қаралды.
Елбасы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, соның ішінде "Нұрлы жер", "Нұрлы жол" және индустриалды-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыруды тиісті деңгейде қадағалауды қамтамасыз ету үшін Үкімет пен Nur Otan партиясының бірлесе жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті.