Саясат

Тоқаев Еуроодақтың арнайы өкілімен кездесті

Еуроодақтың Орталық Азиядағы арнайы өкілі Петер Буриан Қазақстанға келді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз — Sputnik. Еуроодақтың жаңа басшылығы Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті нығайтқысы келеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында жазды.

​"ЕО-ның Орталық Азиядағы арнайы өкілі Петер Бурианды қабылдадым. ЕО-ның ОА бойынша жаңа стратегиясы аясында ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін талқыладық. Еуроодақтың жаңа басшылығы Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті нығайтуға мүдделі екендерін білдірді", - деп жазды Тоқаев.

Шілде айында Тоқаев Шарль Мишелді Еуропалық кеңестің төрағасы болып сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдады. Президент сондай-ақ Урсула фон дер Ляйенді Еуропалық комиссияның төрағасы лауазымын иеленуімен құттықтады.

Маусымда Еуропалық одақ кеңесі Орталық Азиямен қатынастарды дамытудың жаңа стратегиясын бекітті. ЕО өңірде жаңа мүмкіндіктер пайда болды деп санайды, сондықтан Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанмен ынтымақтастық орнату маңызды. Стратегияда Еуропалық одақтың Ауғанстандағы бейбітшілікті нығайту мақсатында ынтымақтастықты жандандыруға дайын екендігі айтылған.