Қоғам

Астана тұрғыны 140 мың жалақымен 2%-тік ипотеканы қалай алғанын айтып берді

"Бақытты отбасы" бағдарламасына көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар қатысады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. Бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша баспаналы болған елордалықтарды құттықтады. Көпбалалы отбасылар жылдық мөлшерлемесі 2%-тік ипотека алған. Ай сайынғы төлем 80 мың теңгеден аспайды.

Мемлекеттік қызметкер 140 мың теңге жалақымен қалай үйлі болды

Еркінбек Әбуов – көпбалалы әке, жұбайымен төрт қыз тәрбиелеп отыр. Балаларының үлкені 6-сыныпта оқыса, кенжесі биыл мектеп табалдырығын аттайды екен.

Жамбыл облысының тумасы отбасымен астанаға 2011 жылы қоныс аударған. Содан бері пәтер жалдап тұрады.

"Ең алғаш келгенімізде жатақханада тұрдық. Кейін қала шетіндегі "Лесная поляна" ауданына көштік. Себебі, ол жақта үйдің арендасы төмен. Соңғы кездері ағайындардың үйін паналадық. Төрт баламен пәтер жалдау, әрине, оңай емес. Үйдің қожайыны телефон соғып, "пәтерді сатамын, бір апта ішінде босатыңдар" деп те айтқан кездер болды. Түрлі қиыншылық көрдік", - деп әңгімесін бастады елорда тұрғыны.

42 жастағы Әбуов – мемлекеттік қызметкер. Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінде бас сарапшы болып қызмет етеді. Жары университетте оқытушы болып істеген, бірақ қазір балаларға қарап, үйде отыр.

Әкімдікте кезекте тұрған көпбалалы отбасы арзан ипотека жайлы жаңалықтардан естіген. Еш ойланбастан, қатысуға бел буыпты.

Астана тұрғыны 140 мың жалақымен 2%-тік ипотеканы қалай алғанын айтып берді

"Бақытты отбасы" бағдарламасы туралы естіген бойда, тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне хабарластым. Олар бағдарламаның шілде айында іске қосылатынын айтты. Содан айына екі рет менеджерлерге телефон соғып, сұрап тұрдым. 18 шілдеде қуанышты хабар да келіп жетті. Бірден өтініш жазып, қажетті құжаттарды жинадық. Өтінішіміз мақұлданғаннан кейін, пәтер іздеуге кірістік ", - дейді ол.

"Атына заты сай бағдарлама"

Әбуовтер отбасы баспананы елорданың Сарыарқа ауданынан тапқан. Үш баласы осы аудандағы мектепте оқиды екен, сондықтан таңдау да осы жерге түскен.

Бір бөлмелі пәтердің аумағы – 50 шаршы метр. Қолданыстағы үй алты айдан бері бос тұр екен. Қожайыны, бастапқыда, баспана үшін 15 миллион теңге сұрапты. Бірақ, банк отбасының кірісіне байланысты тек 14 миллион теңге бөлетін болғандықтан, жомарттық танытқан.  

"Менің жалақым – 140 мың теңге. Банк айлықты ескере отырып, 14 миллион теңге бөлетін болды. Өз атымыздан 10 процент бастапқы жарнаны салдық, яғни 1 миллион 400 мың теңге. Енді он алты жыл бойы ай сайын 74 600 теңге төлеп тұрамыз. Былай қарап отырсаң, бұл көп емес. Өйткені дәл осы Сарыарқа ауданында бір бөлмелі пәтерді шамамен 100-110 мың теңгеге жалға аласың. Сол ақшаны біреуге бергенше, өз үйіңе төлеген жақсы емес пе", - дейді Әбуов.

Тағы оқыңыз: "Бақытты отбасы" бағдарламасы: 2%-пен қалай баспана алуға болады - видео

Айтуынша, отбасылық табысты есептеген кезде, көпбалалыларға берілетін жәрдемақы ескерілмейді.

"Өте тамаша, атына заты сай бағдарлама. Себебі өз күшімізбен 14 миллион теңге жинай алмас едік. Жүректі қуаныш кернеп тұр", -дейді баспаналы болған мемлекеттік қызметкер.

"Өзіңді анағұрлым сенімдірек сезінесің"

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Аққайың Сыздықова да қоныс тойын атап өтуге дайындық үстінде. Ипотекалық бағдарламаға көпбалалы отбасы ретінде қатысқан. Жұбайымен екі ұл, егіз қыз тәрбиелеп отыр.

"Бақытты отбасы" бағдарламасы туралы теледидардан естіп білдік. Кейін тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне хабарласып, консультация алдық. Менеджермен ақылдастық, бізге бағыт-бағдар берді. Құжат жинауды 17 шілдеде бастадық. Содан кейін банк төлем қабілеттігін тексерді. Көп ұзамай "пәтер іздеңіз" деді. Негізі, пәтер іздеуге үш ай уақыт береді. Алайда мен ұзақ жүрмей, бір-екі апта ішінде тауып алдым",- деп күлді қуанышы қойнына сыймаған жас ана.

Сыздықова төрт баласына мемлекеттен ай сайын 10 мың теңге жәрдемақы алады. Өзі елордадағы №1 мектеп-лицейде хатшы, жалақысы 50 мың теңге. Күйеуі жекеменшік компанияда жүргізуші болып істейді. Айлығы 130 мың теңге.

"Пәтеріміз екі бөлмелі, жөнделген. Қолданыстағы тұрғын үйден алдық. Тоғызыншы қабатта, іші кең, жайлы, ауласы үлкен. Аумағы 50 шаршы метр. Ипотека он алты жылға берілді. Енді ай сайын 79 мың теңге төлеп тұрамыз", - дейді ол.  

Көпбалалы отбасы баспананы 15 миллион теңгеге сатып алған. 1 миллион 500 мың теңге бастапқы жарнаны ерлі-зайыптының ата-анасы жинап беріпті.

"Осыған дейін ата-енеміздің үйінде тұрып келдік. Енді өз шаңырағымыз бар. 2013 жылдан бері әкімдікте баспана кезегінде тұрдым. Бастапқыда жалпы кезекте 17 мыңыншы болып тұрған едік. Кейін көпбалалы отбасыларды бөлек кезекке шығарып, екі мыңыншы болдым", - дейді астаналық тұрғын.

Астана тұрғыны 140 мың жалақымен 2%-тік ипотеканы қалай алғанын айтып берді

Сыздықова баспаналы болу ерекше сезім екенін айтады.

"Өзімді мүлдем басқа адам сезінемін. Бұрынғыға қарағанда, анағұрлым сенімдірек сезінесің. Балаларымыз үшін, олардың болашағы үшін тырысып жатырмыз. Өзіміздің баспанамыз болғанына өте қуаныштымын. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне керемет мүмкіндік үшін ризамын", - деп алғысын білдірді көпбалалы ана.

"Бақытты отбасы" бағдарламасы туралы не білеміз?

"Бақытты отбасы" бағдарламасына көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар қатыса алады.

10 проценттік бастапқы жарна болған жағдайда, ипотека жылдық 2%-пен 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Отбасының әр мүшесіне шаққанда бір айлық табыстың мөлшері ең төменгі жалақы – 42 500 теңгеден аспауы тиіс. Жәрдемақы кіріс ретінде саналмайды.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда қарыздың ең жоғары сомасы – 15 миллион теңге. Қалған өңірлерде – 10 миллион теңге.