НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз — Sputnik. Брест қаласындағы Халықаралық армия ойындары аясында өткен мергендер сайысында қазақстандықтар үшінші орын алды, деп хабарлады республиканың қорғаныс министрлігі. Бірінші орынды Беларусь ұтса, екінші орынды Ресей жеңді.
Халықаралық армия ойындары 2019 аясындағы мергендер жарысы үш кезеңнен тұрған – жеке есеп, жұптық есеп және мергендер эстафетасы.
Жеке есепте атқыштар "күндізгі" және "түнгі" режимде винтовкамен атты. Әр алты аралықта нысандарды дәл көздеп ату қажет болды. Мергендерге оқ атуға 30 секунд қана берілген.
Жұптық есепте қатысушылары екі-екіден жарысты. Бұл кезеңде ең үздік мергендер жұбы анықталды.
Бірінші кезеңде 21 команда қатысса, екінші кезеңге сегіз команда ғана өтті.
Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Өзбекстан, Әзербайжан, Вьетнам және Иран мергендері жарысты жалғастырды.
Финалда қазақстандықтар Ресей, Беларусь және Қытай мергендерімен бақ сынасты.
Мергендер эстафетасында қатысушылар кедергілерден өтіп, граната лақтырып, нысанды көздеп атты. Осы сайыс нәтижесінде үздік үштік анықталып, қазақстандық команда қола жүлде иеленді.