Қоғам

Тоқаев Құрбан айт қарсаңында болған жағдайға қатысты көңіл айтты

Қазақстан президенті БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке көңіл айту жеделхатын жолдады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Бенгазидегі жарылыс салдарынан қаза тапқан БҰҰ-ның Ливиядағы миссиясы қызметкерлерінің отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлады Ақорда.

"Бұл зұлымдыққа толы лаңкестік шабуыл ізгілік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптейтін қасиетті мұсылман мерекесі – Құрбан айт қарсаңында жасалғаны аса жантүршігерлік жағдай болып табылады. Әлемдік қауымдастықтың зорлық-зомбылыққа қарсы бірлескен және батыл күреске шақыратын үндеуін берік қолдай отырып, Қазақстан лаңкестіктің ешқандай түрі мен көрінісін қабылдамайды", - делінген жеделхатта.

Сондай-ақ, президент БҰҰ қызметкерлерінің жаһандық ұйымның игі мақсаттарына қол жеткізу жолындағы қызметін жоғары бағалайтынын айтқан.

Еске сала кетсек, 11 тамыз күні Ливияның Бенгази қаласында жарылғыш зат орнатылған көлік жарылып, салдарынан  БҰҰ-ның үш қызметкері қаза тапты. Бірнеше адам түрлі жарақат алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған. БҰҰ-ның Женевадағы еуропалық бөлімшесінің басшысы болды.